БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДА САЛАЛЫҚ БІЛІМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КӘСІПОДАҒЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ XXІX-ШІ ЕСЕП БЕРУ САЙЛАУ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТКІЗІЛДІ

Ағымдағы жылдың желтоқсан айының 21 күні «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Батыс Қазақстан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің кезекті XXІX-ші есеп беру – сайлау конференциясы өткізілді.

Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағында есеп берулер мен сайлаулар өткізу үшін Орталық комитеттің Салалық Кеңесінің Қаулысына сәйкес, Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің Атқару комитетінің 2018 жылдың 10 қыркүйек айындағы Қаулысы бойынша қазан, қараша, желтоқсан айлары аралығында кәсіподақтың бастауыш және аудандық кәсіподақ ұйымдарында есеп беру – сайлау конференциялары өткізілген болатын.

Төрағалық етуші Марат Даупаев конференция жұмысын ашық деп жариялап, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрайымы Майра Амантаева, Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар Орталығының төрағасы Ербол Салықов, Батыс Қазақстан облысының білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың қатысып отырғанын атап өтті.

Алдымен конференцияны жүргізу үшін Президиум, хатшылық, мандат комиссиясының құрамы, редакциялық және есеп – санақ комиссиясының құрамы сайланып, күн тәртібі мен жұмыс регламенті бекітілді.

Кәсіподақ төрағасы Марат Даупаев Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының есепті мерзім ішіндегі білім және ғылым қызметкерлерінің еңбек құқығын және әлеуметтік – экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында атқарылған кәсіподақ жұмыстарына кеңінен тоқталып, Кәсіподақ ұйымдарын құру мен мүшелікке тарту жұмыстарын жүйелі жүргізу нәтижесінде, соңғы үш жылдың ішінде 140 – тан астам

кәсіподақтың бастауыш ұйымдары құрылып, онда 17000-нан астам білім беру саласының қызметкерлері кәсіподақ мүшелігіне тартылғаны, барлығы 520 кәсіподақ ұйымдарында ұжымдық шарттар жасалып, олардың 50 –ден жоғары қызметкерлері бар – 297 ұйымында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер туралы және Кәсіподақтық жаңғыртулар аясындағы Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне қатысты жұмыс берушілердің назарын өндірісте болатын қайғылы оқиғаларды азайтуға, жол бермеуге және өндірісте жарақат алудың алдын алу жөніндегі жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатындағы «Қауіпсіз еңбек бағдарламасы» және «Еңбекті қорғау, еңбекті қорғауды алдын алу мәдениетін бірге көтереміз» акцияларын өткізу еңбек қатынасын реттеуде маңызды рөл атқаратыны туралы өз ойымен бөлісті.

Облыстық кәсіподақта жылдық жоспарға сәйкес, кәсіподақ мүшелігіне тарту және ұжымдық шарттың орындалуын қадағалау, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі жұмыстарын жетілдіру, кәсіподақ жарнасының жиналу барысы, оның жаратылуы облыстық кәсіподақтың үнемі бақылауында болып, есепті мерзім ішінде, тоқсан сайын Атқару комитетінің мәжілісі және жылына 1 рет Пленум отырысы жоспарлы түрде өткізілген. Онда кәсіподақтың тыныс тіршілігіне байланысты жұмыстар қаралып, кәсіподақтардың күнделікті ағымдық қызметі үйлестіріліп, түрлі шараларды ұйымдастыру мәселелері шешіліп, нақты істер белгіленіп, қаулылар алынған.

Батыс Қазақстан облыстық кәсіподағында Орталық Кеңестің Қаулысымен, Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясының жаңартудың Жол картасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, бірқатар жұмыстар атқарылған. Салалық келісім негізінде, БҚО білім басқармасы, БҚО кәсіпкерлер палатасы, БҚО білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы арасында 2018 – 2020 жылдарға арналған үшжақты Келісім жасалып, ол Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінде тіркелген.

Кәсіподақ қозғалысын дамытуда, еңбек қатынасы барысындағы жұмыс беруші мен жұмыскерлердің арасында туындайтын даудамайды болдырмауда, бола қалған жағдайда оларды дер кезінде заң жүйесімен шешуде кәсіподақ жетекшілерін оқытулар ұйымдастырылып, осы мақсатта республикалық, облыстық семинарларға аудандық кәсіподақ ұйымы төрағалары мен бастауыш кәсіподақ ұйымы жетекшілері және Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының бас мамандары оқуға жіберілген.

Сондай – ақ, жыл сайын кәсіподақ мүшелерінің денсаулықтарын сауықтыру мақсатында санаторияларда демалдыру және кәсіподақ мүшелері балаларының жазғы демалысын ұйымдастырып, лагерлерге жіберу жұмыстары да белсенді жүргізілген.

Облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Даупаевтың есепті баяндамасы мен тексеру комиссиясының баяндамасын конференцияға қатысушылар назар қоя тыңдады.

Конференцияда салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Майра Амантаева Республикалық кәсіподақ қозғалысының алдындағы міндеттер мен мәселелер, педагог мәртебесі туралы атқарылып жатқан мәселелер жөнінде кеңінен тоқталды.

Конференцияға қатысқан делегаттар жарыссөзге шығып, ұйым жұмысының есебіне «қанағаттанарлық» баға беріп, кәсіподақ жұмысының жаңа құрамын сайлады. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Батыс Қазақстан облыстық ұйымының төрағасы болып Даупаев Марат Оразалыұлы сайланды.

Алдағы уақытта облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен әлеуметтік – экономикалық жағдайларын жақсартуға, олардың конституциялық құқықтарын сақтау және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау мақсатында кәсіподақ қозғалысын жетілдіруге жұмыстанатынын жеткізіп, жаңа мерзімге қайтадан төрағалыққа сайлап, сенім білдіргендері үшін делегаттарға өз алғысын білдірді.

Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова және Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов кәсіподақта бірлесіп атқарылып жатырған жұмыстарға тоқталды және барлық туындаған мәселелерді тек келісіммен ғана шешуге болатыны жөнінде өз ойларымен бөлісіп, білім саласындағы облыстық кәсіподақтың жұмыстарына ризашылықтарын білдірді.

Атаулы шараға көп жылдар бойы кәсіподақтың дамуына зор үлес қосып, білім саласында еңбек етіп, кәсіподақтың жүгін бірге арқалаған белсенді кәсіподақ ардагерлері Күншығар Ильясов, Анель Кальтиев, Күнсұлу Шакенаева, Сауле Жандалиевалар қатысты. Кәсіподақ ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары мен сыйақы табыс етілді.

Конференция соңы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай білім саласында еңбек етіп, кәсіподақ қозғалысының дамуына зор үлес қосқан кәсіподақ белсенділерін марапаттау рәсімімен жалғасты.

Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының ұсынысымен Ақжайық аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Максим Умбеталиев Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен, Сырым ауданыныың білім беру бөлімінің басшысы Зәмзәгүл Ергазиева Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды.

Еліміздің Тәуелсіздігі қарсаңында 60 жас мерейтойларымен құттықтай отырып, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының құрмет грамотасымен қалалық № 17 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры – Тамара Рудич, Ахмет Байтұрсынов атындағы № 10 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры – Сансызбай Кенжеков және Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жастар Комитетінің төраға орынбасары, №14 жалпы орта білім беретін мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Жарқын Бекежанұлы марапатталды.

Ал, Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының құрмет грамотасымен Сырым аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Ләззат Тапаева, Батыс Қазақстан индустралдық колледжі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бисембай Жанатаров, қалалық № 9 мектебі бастауыш кәсіподақ төрайымы Елена Коломицкая сынды белсенді кәсіподақ жетекшілері марапатталып, оларға гүл шоқтары мен заттай сыйлықтар табыс етілді.

Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Марат Даупаев марапатталған азаматтар алдағы уақытта да кәсіподақ ұйымының жұмысын қазіргі заман талаптарына сай жетілдіруде белсенділік танытып, өз жұмыстарын үлкен жауапкершілікпен атқаратына сенім білдірді.