ШҚО-да теміржол қызметкері «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды

«Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының «Семей магистральдық желі бөлімшесі» филиалы Серебрянка жол дистанциясының үстіңгі қабатының элементтерін жөндеу және қайта қалыптастыру жөніндегі телім шебері, кәсіподақ комитетінің төрағасы Виктор Мильц Президент Жарлығымен үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.

1962 жылы Шығыс Қазақстан облысы Серебрянск қаласында қарапайым жұмыскер отбасында дүниеге келген Виктор Мильц 1985 жылдан бері бір орында табан аудармай еңбек етіп келеді екен. Осы жылдар аралығында ол  Серебрянка жол дистанциясының 2-ші разрядтағы көпір жұмысшысы, ПМ-Ч цехының бригадирі, құрылыс және жол ғимараттарын жөндеу цехының бастығы қызметтерін атқарыпты. «Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының бастамасымен  ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін республика бойынша 7 кәсіподақ мүшелері осы марапатқа лайық деп табылды. Ерен еңбегімен әріптестері арасында құрметке бөленген Виктор Мильцке орденді Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Мұхтар Тінікеев табыс етті», – дейді ШҚО аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейірхан Төлеубаев. Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы

Толығырақ: https://egemen.kz/