Жаңа жылдық құттықтау

Қадірлі әріптестер!

2018 жыл егемен еліміз үшін есте қаларлық елеулі оқиғалар мен жан жадыратар жетістіктерге толы болды. Оның ішінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының орны бөлек. Бұл бүкіл қазақстандықтардың тұрмыс жағдайын одан әрі жақсарту мақсатындағы қарышты қадам. Мемлекет басшысы сонымен бірге осы Жолдауында еңбек адамдарының мәртебесін арттыру мен олардың құқығы мен мүддесін қорғауға ерекше мән бергені мәлім. Мұның өзі кәсіподақтарға үлкен жауапкершілік жүктейді.

Ағымдағы жыл «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы» болып жариаланды. Осыған орай республиканың барлық өңірлерінде «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы ойдағыдай орындала бастады. Осының аясында «Еңбекті қорғаудың алдын-алу мәдениетін бірлесіп арттырамыз» акциясы, «Қазақстан Республикасы Кәсіподақ федерациясының еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспекторы» республикалық байқауы алғаш рет өткізілді.

Әлеуметтік әріптестік аясында еңбек дауларының алдын-алу және реттеу бойынша барлық өңірлерде «Татуласу орталықтары» құрылып жұмысын атқаруда.

Кәсіподақтар федерациясының XXV съезі әлеуметтік-еңбек қатынастары саласында жаңғыруға байланысты жаңа бағыт-бағдар белгіледі. Жаңа Жарғыда ұрпақтар сабақтастығы мен Кәсіподақтар федерациясы қызметінің ашықтығына қатысты маңызды қағидалар бекітілді.

Елімізде 2019 жыл Жастар жылы болып жариаланды. Сондықтан кәсіподақтың алдында еңбек жастарын қолдау мен еңбек адамын қорғау мақсатында үлкен міндеттер тұр.

Заманауи әлем төртінші экономикалық жаңғыруға аяқ басты. Тәуелсіз еліміз осы көштен қалып қоймауы тиіс. Қазақстанның өркениет өзгерістерінен қалыс қалмауы үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаев баршамыздың алдымызға қойып отырған асқаралы міндеттерді ойдағыдай орындауға кәсіподақтың әрбір мүшесі өз үлесін қоса білуі тиіс.

Кәсіподақ қозғалысын қарқынды дамыту, жұмысшылардың құқығы және мүддесін қорғау мақсатындағы маңызы зор міндеттерді орындау, қадірлі кәсіподақ мүшелері, Сіздердің қолдарыңыздан келеді. Білімдеріңіз бен тәжірибелеріңізді, қажырлы еңбектеріңізді осы бағытта жұмсайтындарыңызға кәміл сенімдіміз.

Жаңа 2019 жыл Сіздерге зор денсаулық, бақыт, амандық, таусылмас күш-жігер әкелсін!

Тәуелсіз Қазақстанның игілігі жолындағы жауапты жұмыстарыңыз жемісті болсын!

Әр шаңырақ қуаныш құшағына бөленіп, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Жаңа жыл жақсылықтарға толы болсын!

Құрметпен,

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы