Еңбек адамының мүддесі жолында

18 қаңтар күні Атырауда бас қосқан еліміздің батыс өңірлеріндегі аумақтық  кәсіподақтар бірлестіктерінің төрағалары өткен жылы атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Аймақтық жиынға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым, облыс басшысы Нұрлан Ноғаев, бірқатар салалық кәсіптік одақтардың, облыстардағы салалық кәсіподақ төрағалары мен әлеуметтік әріптестердің өкілдері  қатысты.

Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының аумақтық кәсіподақтар төрағалары Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ қозғалысын жаңғыртуға байланысты 2018-2019 жылдарға арналған «Жол картасы» аясында жергілікті жерлерде атқарылған жұмыстардың нәтижесі, кәсіподақ қозғалысын жетілдіру мен жақсарту туралы  ой-пікірлерін ортаға салды.

Қазір Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының құрамына 18 268 бастауыш ұйым, 22 салалық кәсіподақ, 16 аумақтық кәсіподақ бірлестігі кіреді. Барлығы 2 миллионға жуық кәсіподақ мүшесі бар. Оның ішінде 500 мыңдай адам –  батыс облыстарының кәсіподақ мүшелері,  бұл 30 пайызын  құрайды.

2018 жылы Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының тікелей араласуымен бірнеше ірі компаниялардағы жұмысшылардың құқығы қорғалған. «Ұлы қабырға» ЖШС кәсіпорнында  жұмыс берушінің бұрын шығарылған актісі жойылып, қызметкерлердің бұрынғы еңбек жағдайлары сақталды. Сонымен қатар «Сағыз Петролеум компаниясы» ЖШС-де жұмыс беруші тарапынан Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына 134 млн. теңге және 65 млн. теңге айыппұл аударылып, нәтижесінде осы компанияның қызметкерлері заң бойынша талап етілетін әлеуметтік төлемдерді алатын болады.

Атырау облыстық кәсіподақтар орталығының мәліметі бойынша 2018 жылы өндірістік жарақаттану оқиғалары 10 пайызға азайған. Ал жарақат алған жұмыскерлердің саны 65 пайызға, қайтыс болғандардың саны 50 пайызға төмендеді.

Өткен жылы «Алтиес Петролеум Интернешл» Оңтүстік Кореялық компаниясының 100 жұмыскері ұжымдық шағымымен Атырау облысы кәсіподақтар орталығының көмегіне  жүгінді. Жұмыс берушімен келіссөздер жүргізу арқылы ұжымдық еңбек дауының алды алынып, жұмысшыларға зиянды жұмыс үшін  ақы төленетін болды.

Маңғыстау облыстық кәсіподақтар орталығы да жүйелі жұмысының нәтижесінде ұжымдық еңбек дауларының шешімін тауып, жұмыс берушілермен келіссөздер арқылы әлеуметтік-еңбек жанжалдарын болдырмауға  ықпал етті.

«Еңбек шартын жасаңыздар!» республикалық акциясы аясында Батыс Қазақстан облысы кәсіподақтар орталығы әлеуметтік әріптестермен бірлесіп облыстағы жалдамалы жұмысшылармен  2276  еңбек шартын жасады.

Қызылорда облысында бүгінгі таңда 6243 мекеме мен кәсіпорындар нақты жұмыс жасауда. Облыстық аумақтық кәсіподақтар орталығының табанды жұмысының нәтижесінде 6005 мекемеде ұжымдық шарттары тіркелген, яғни қамтылу деңгейі 86 пайызды құрап отыр.

         Жеке еңбек дауларын сотқа жеткізбей-ақ келісім арқылы шешу мақсатында Қызылорда облысындағы Татуласу орталығына барлығы 284 адам жүгініп, 114 келушіге  медиациялық кеңес берілген, 99 келуші психолог кеңестерін алған, 28 мәселе даусыз шешімін тауып, 11 мәселе бойынша дау тараптары бітімгерлікке келді.

Бұдан басқа жиында еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірістік кеңестер мен еңбекшілерді әлеуметтік-экономикалық жағынан қорғау,  жастар мәселесі мен татуласу орталықтарының жұмысы, кәсіподақ ұйымдарын құру және оның жұмысын жандандыру  жайлы да жан-жақты сөз болды.