ҚРКФ Төрағасы жұмыс сапарымен Атырау облысына барды

Атырау облысына іссапармен келген Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым алдымен Атырау облыстық кәсіподақтар бірлестігінде облыстық салалық кәсіподақ ұйымдарымен кездесті. Кездесу барысында  Б. Әбдірайым: «қарапайым еңбек адамдарының мүддесі мен құқын қорғау мақсатында заман талабына сай жаңашылдық туралы, кәсіподақтардың жұмысын одан әрі жетілдіру бағытында қолға алынған іс-шаралар және қазіргі тыныс-тіршілігі туралы айтып өтті». Өз кезегінде кәсіподақ мүшелері толғандырып жүрген жүрген сауалдарына жауап алды.

Содан кейін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым Атырау облыстық сотының төрағасы Марғұлан Бектұрғанов екеуі облыстық сот алдына орнатылған қазақтың үш биі – Төле би, Қазыбек би және Әйтеке биге арналған еңселі ескерткіштің ашылу рәсімін жасады. Салтанатты шарада Б.Әбірайым: «Ағайынды араздастырмай, татуластыруды ойлаған қазақтың үш биінің ой-мақсаты қазіргі күні де мән-маңызын жойған жоқ. Үш бидің идеяларын ұстанып, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы мен Жоғарғы Сот аралығында жасалған Меморандумға сәйкес барлық аумақтық кәсіподақ ұйымдарында Татуласу орталығы құрылды. Онда судьялар мен Кәсіподақ федерациясының медиаторлары ойдағыдай жұмыс жүргізіп отыр. Өзім ұзақ жыл заң саласында қызмет жасағандықтан жақсы білемін, кейде еңбек даулары мен кикілжіңдерге байланысты мәселені сотқа жеткізбей шешуге болады» – деп лебізін білдірді.

Түстен кейін  Кәсіподақтар федерациясы төрағасы Б. Әбдірайым еліміздің батыс өңірлеріндегі аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері төрағаларының өткен жылы атқарған жұмыстары туралы есебін тыңдауға қатысады.