Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі

Қай халықтың болмасын ұлттық мұрасы, халықтың қазынасы – қолөнері болып табылған. Қолөнер шеберлері табиғаттың әсем көріністерін, ою-өрнектерді, табиғи шикізатты пайдалана отырып, тұрмыстық заттарды да жасаған. Халық шеберлері, ұсталары ағаштан тек үй тұрмысына қажетті бұйымдарды ғана жасап қоймай, оларды әшекейлеуді, безендіруді, көркемдеп қашауды, ағаш бетінде нақышты өрнектер салуды шебер меңгерген. Өнердің бұл түрімен ата-бабаларымыз сонау көне дәуірінен бастап айналысқан. Шеберлер ұлттық қолөнерлер бұйымдарын жасау арқылы сол халықтың этикалық және мәдени ұлттық дәстүрін көрсете білген. Бүгінгі ұрпақ өзінің ұлттық сезімдерін, өнерін жоғалтпауы қажет.

Қазіргі кезде ұлттық қолөнерді жас ұрпақтың бойына дарытатын, үйрететін қолөнерге байланысты үйірмелер, мектепте технология пәні болып табылады. С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының «ISMER» этно-мәдени қолөнер үйірмесі жастарға халқымыздың қолөнер түрлерін насихаттау мақсатында №34 орта мектеп оқушыларының қатысуымен ағаштан жасалған қолөнер бұйымдарына «Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі» атты көрме өткізді.

Қолөнер үйірмесінің жетекшісі Данамалик Ахметов ағашты өңдеу арқылы олардан әртүрлі бұйымдардың жасалу жолдарын түсіндірді. Шараға қатысушылар қолөнер байланысты сұрақтарын қойып, қолөнерге деген қызығушылығын көрсетті. Шара барысында тақырыпқа сай слайд көрсетіліп, «Ағаш – табиғаттың тамаша туындысы» атты кітап көрмесі жасақталып, көрмеге библиографиялық шолу жасалды. Шараға «Азаматтық бақылау» жобасының үйлестірушісі-Көшкінбай Нұрмағамбетұлы Ахметов; С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры-Гүлжайнар Нәренқызы Калдина және №34 орта мектебінің оқушылары, ұстаздары, кітапханашылар қатысты.