Қызылорда кәсіподақтар үйінде кеңейтілген қорытынды жиналыс өтті

29 қаңтар күні Кәсіподақтар Үйінде «Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен 2018 жылы атқарылған жұмыстары бойынша кеңейтілген қорытынды жиналысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов, әлеуметтік әріптестер, облыстық басқарма басшылары, Кызылорда облыстық Кәсіпкерлер Палатасы өкілдері, салалық, жергілікті, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынның кіріспе сөзінде облыс әкімі орынбасары Қ.Ысқақов аймақта Елбасы тапсырмасымен еңбек адамының игіліктеріне негізделген нақты шаралардың жүйелі жүзеге асырылуына тоқталып, мақсатты жұмыстарды бірлесе атқаруда, өңірдегі еңбек қатынастарын реттеу бойынша, кәсіподақтар жұмысы үлесінің өзіндік орынын атап өтті.
Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Серік Сермағамбетов жыл бойында аймақ кәсіподақтарымен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақ қозғалысын жаңғыртуға байланысты 2018-2019 жылдарға арналған «Жол картасы» аясында атқарылған жұмыстарды, әлеуметтік әріптестермен бірлесе атқарылған еңбек қатынастарын реттеу шаралары, еңбеккерлердің құқы қорғалуы мен әлеуметтік мүдделері үшін жасалған жұмыстарды баяндады.
Қызылорда облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі қазірде 11 салалық кәсіподақтарда 1036 кәсіподақ ұйымдарын, 90 183 кәсіподақ мүшелерін біріктіреді. 2018 жылдың 1 қаңтарына облыста 89 497 кәсіподақ мүшелері бар 9 салалық кәсіподақтар жұмыс жасаған болатын, жыл бойында облыста 2 салалық кәсіподақ ұйымы құрылып, жұмысын бастады, 1 сала бойынша облыстық кәсіподақ ұйымы жаңадан қайта құрылды, есепті кезеңге кәсіподақ мүшелерінің ағымы өсу деңгейін көрсетеді. Жұмыспен қамтылған халық санына шаққанда кәсіподақ мүшелері үлесі жыл аяғына 26,7 пайызды құрайды.
Әлеуметтік әріптестермен еңбек және әлеуметтік мәселелер бағытындағы ортақ мүдделі жұмыстар туралы Қызылорда облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Ибраева, Қызылорда облысы еңбек саласындағы бақылау басқармасы басшысы Ертілеу Жалғасбаев хабарлама жасады. Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов кәсіподақтардың елдің қоғамдық-саяси ахуалы тұрақтылығы және жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің мәмілеге келе нәтижелі жұмыс атқаруындағы маңызды ролі туралы ойымен бөлісті. «Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Қызылорда облыстық ұйымы төрайымы Райкүл Байназарова, «ҚР Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Серік Мырзаханов кәсіподақтармен алдағы мақсатты жұмыстарды орындау барысы бойынша әлеуметтік әріптестерге өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.