Таразда ҚР Кәсіподақтар Федерациясының кубогі үшін жарыс өтті

10 ақпан күні Тараз қаласындағы өңірдегі ең ірі өндіріс ошағы – «Казфосфат» ЖШС-нің спорт кешенінде әуесқой баскетболшылар арасында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының кубогі үшін Тараз қаласының ашық лигасы ойындарының ақтық сыны өтті. Былтырғы жылы 23 қыркүйекте бастау алған бұл бұқаралық спорттық ойынға облыстан барлығы 14 команда қатысқан еді. Сапында білім, мәдениет, спорт, өндірістік кәсіпорындар, әскери бөлімдер мен жоғарғы оқу орындарының әуесқой баскетболшылары бар командалар әр жексенбі сайын бақтарын сынап, іріктеу ойындарын өткізіп отырды.
Ал, ақтық сынға жолдама алған үздіктердің үздігі – «Казфосфат» ЖШС-нің командасы, білім саласы қызметкерлерінің «КУБ» командасы, Шу ауданының құрама командасы және Тараз қаласының «DRAGONS» командалары өз араларында I, II және III орындар үшін тартысты сайыс өткізіп, жеңімпаздарды анықтады.
Нәтижесінде Кәсіподақтар Федерациясының кубогі үшін әуесқой баскетболшылар арасындағы Тараз қаласының ашық лигасының жеңімпазы болып білім саласы қызметкерлерінің «КУБ» командасы танылды. II және III орындарды сәйкесінше «Казфосфат» ЖШС-нің командасы мен Тараз қаласының «DRAGONS» командасы иеленді.
Ең қызығы, жарысты тамашалауға Тараз қаласындағы 3 университет ректоры, коледж директорлары, спорт және кәсіподақ ардагерлері келіп, төрт сағат бойы тартысты сайысты көріп қол соқты.
Жеңімпаздарды ұйымдастырушылар – «Казфосфат» ЖШС-нің Бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров өз сөзінде осындай ірі бұқаралық жарысқа қолдау білдіргені үшін ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Бақытжан Жарылқасынұлы Әбдірайымға өз алғысын білдіріп, кәсіподақтардың спортты дамытуға да белсене атсалысып отырғанын көрсетеді, деді. Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген және Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков те еңбеккер жастардың спортқа деген құлшынысын атап өтіп, құттықтады. Жалпы жүлде қоры 1 миллион 200 мың теңгені құраған жүлделерді және дипломдарды табыс етті.
Бірлесе атқарылған осындай іс-шаралардың жұртшылық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, бұқаралық спорт түрлерін дамытуға елеулі үлес қосатынын ескерсек, ұйымдастырушылар мұндай көпшілік сиапт алған спорттық ойындарды тұрақты түрде өткізіп отыру керек деп шешті.