Кәсіподақ жастары Елбасы бастамасына қолдау көрсетуде

2019 жыл Елбасымыздың бастамасымен «Жастар жылы» деп жарияланды. Еліміздің қозғаушы күші жастар болса, бұл елдегі жастар үшін бір серпіліс, жаңа мүмкіндік болып отыр.

Бүгінгі таңда жастарымызды «Жастар жылын» қалай түсінеміз? Жастар жылы мақсатымыз бен жоспарымыз қандай? Жыл аясында қандай өзекті мәселелер мен түйткілдерге аса көңіл бөлуіміз қажет? Біз осы жыл шеңберінде қандай нақты істер атқара аламыз? Біз осы мүмкіндікті пайдаланып өз елімізге не бере аламыз? деген сұрақтар мазалап отырғаны жасырын емес.

Аталған сұрақтарға жауап беріп, мақсат, жоспарларымызды айқындау үшін 14.02.2019 жылы БҚО Кәсіподақтар орталығы жанындағы «Келешек» жастар ісі бойынша кеңесінің жаңа 2019 жылдағы алғашқы отырысы өтті.

Кеңес отырысының жұмысына БҚО Кәсіподақтар орталығы төрағасының м.а. Б.А.Атауов пен «Келешек» жастар ісі бойынша кеңесінің төрайымы А.С.Жақсығалиева және облысымыздың кәсіподақ салаларының жастары қатысты.

Кеңестің күн тәртібінде облыстағы кәсіподақ жастарының қозғалысын жандандыру, Кеңес құрамын және Кеңестің 2019 жылға жұмыс жоспарын бекіту бойынша мәселелер талқыланды.

Кеңес мүшелері ұсынылған жоспарды талқылау барысында белсенділік танытып, жоспар бойынша өз ойларымен бөлісті. Жастар жарияланған жыл аясында конференция, форум, флешмоб форматындағы іс-шаралардан нақты істерге көшу туралы пікірлерін ашық ортаға салды.

Жоспарға енгізілген істердің арасында ерекше қолдауға ие болған ұсыныстар келесідей: кәсіподақ мүшелерінің, соның ішінде жастардың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету мақсатында РФ Мәскеу қаласындағы тәжірибеге сүйеніп, кәсіподақ мүшелері үшін «Әлеуметтік карта» дайындап, іске қосу, кеңес мүшелері арасында кітап оқуды насихаттау мақсатында облыс көлемінде дамыған @bookdating_aqjaiyk жобасына кеңес мүшелерін қосу; «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасының аясында «Еңбек сақшысы» жобасын жүзеге асыру, «Plogging» экологиялық акциясына белсенді қатысу, кәсіподақ жастарын «Жастар Отанға» жастар лагеріне қатыстыру, кәсіподақ жастары арасында «Еңбек адамы» атты бал өткізу, жыл қорытындысында кәсіподақ жастары арасында «Үздік еңбек адамы» сыйлығын табыстау.

Сонымен қатар, жоспарға енгізілген шаралардың қатарында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ұлттық ойындардан сайыс ұйымдастыру, «Еңбек кубогы» мен түрлі спартакиадалар мен турнирлер ұйымдастыру бар.

Кәсіподақ мүшелерінің еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру, кәсіподақ саласына қатысты заңнамалармен таныстыру, білімдері мен біліктіліктерін арттыру, кәсіби деңгейде және тұлға ретінде даму және өсу бағытында оқыту семинарлары мен тренингтерін, шеберлік класстарын өткізу де жоспарға енгізілді.

Жас келсе іске демекші. жастар – еліміздің қозғаушы күші десек, жастардың мақсаты анық, бағыты айқын, олай болса іске сәт, Жайықтың жастары!