Кәсіподақтар көп балалы аналарға қолдау көрсетеді

Бүгін Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Б.Әбдірайымның қатысуымен «Жаңақорған» шипажайының басшылығы мен кәсіподағы арасындағы ұжымдық шартына еңбек және әлеуметтік қатынастарын реттеу мақсатында көп балалы аналарға қолдау көрсетуге өзгерістермен толықтырулар жасалды.

Атап айтқанда көп балалы аналарға және жалғыз басты аналарға жыл сайын Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар күніне орай жалақының ең төменгі мөлшерінің екі еселенген мөлшері берілетін болады. Сонымен қатар шипажайдың қызметкерлері әр туылған баласына жалақының ең төменгі мөлшері көлемінде көмек алады.

Б.Әбдірайым: «Жұмысшылардың еңбек құқығы мен мүддесін қорғау мақсатында кәсіподақ әрдайым қол ұшын беруге дайын. Күні кеше Қызылорда және Түркістан облыстары әкімдігімен Кәсіподақтар федерациясы арасында еңбекшілердің жағдайын жақсартуға бағытталған меморандумға қол қойылды. Бүгін осы ұжымда көп балалы аналарға әлеуметтік қолдау көрсетуге келісім жасалып отыр. Алдағы уақытта мұндай шаралар басқа да кәсіпорындарда жалғасын табады»,-деді.

Қазіргі таңда Жаңақорған шипажайында 218 қызметкер еңбек етеді. Ұжымдағы көп балалы 50 ана бар болса, оның ішінде 9-ы жалғыз басты аналарды құрайды. Кәсіпорын еңбеккерлері бұл хабарды қуанышпен қабылдады. Солардың бірі шипажай мейірбикесі, көп балалы ана Ұлбике Өмірзақова: «Мен осында жұмыс жасағаныма 37 жыл болды. Кәсіпорынның қиыншылық кездерінен бастап, қазіргі өркендеу кезеңіне дейін жақсы білеміз. Бүгінде ұжымда жастар қатары артып келеді. Олар елімізге танымал, ахуалы тұрақты шипажайда еңбек ететіне  мақтан тұтады. Бүгінгі кездесуде кәсіпорын басшылығына, кәсіподаққа көп балалы аналарға қолдау жасап жатқандарыңызға  алғысымызды  білдіреміз»- деді.