Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайымның Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары

Бүгін 21 ақпан күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Жарылқасынұлы Әбдірайымның Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары басталды.
Жұмыс сапары аясында, облысқа Кәсіподақтар федерациясының өкілдері, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары, «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Каппель Егор Яковлевич, «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жақыпов Мирболат Хабиұлы, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дүйсенов Сапарбек Серікұлы, «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Жаңабеков Қайрақбай Құттыбайұлы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары федерациясының «Кәсіподақтардың республикалық бірлестігі» Мүліктерді басқару дирекциясының бас директоры төраға Мұқтар Жанайхан Ақуанұлы келді.
Жұмыс сапары Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Сейдірұлы Көлгіновтың Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым мен Федерация өкілдерін қабылдауынан бастау алды.
Қабылдауға БҚО Кәсіподақтар орталығының, облыстық салалық кәсіподақтар мен жергілікті кәсіподақтар төрағалары, облыстық басқарма басшылары қатысты.
Қабылдау Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Сейдірұлы Көлгіновтің алғысөзімен ашылды. А.Көлгінов өз сөзінде кәсіподақтардың қоғамдағы рөлі  мен әлеуметтік серіктестіктің маңыздылығы туралы атап өтті.
Өз кезегінде сөз алған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы  Бақытжан Әбдірайым қатысушыларды Федерация өкілдерімен таныстырып, әлеуметтік серіктестік, көп балалы жұмысшы аналарға кәсіподақтар тарапынан қолдау көрсету туралы баяндады.
Қабылдау барысында Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Бес әлеуметтік бастамасын, «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына жолдауын жүзеге асыруда Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумның талаптарына сәйкес екі тарап әлеуметтік бастамаларды, оның ішінде еңбек жағдайларын жақсарту, жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау, еңбек дауларын болдырмауға және шешуге, Еңбек заңнамасының сақталуын, жұмыскерлерге лайықты еңбек ақысын төлеуді, жұмысқа орналасуды және еңбек қатынастарын ресімдеуді қамтамасыз ету мәселелерін қадағалауды жүзеге асырады.