Қапшағай қаласында «Білім саласындағы жаңашылдықтар» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жүзеге асыру мақсатында және Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіптік одағы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында жасалған үшжақты әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісім аясында жұмыс тобы құрылып, мұғалімнің беделін арттыруға бағытталған «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын түсіндіру жұмыстары республиканың әр аймақтарында жүргізілуде.

Осындай шараның бірі Алматы облысы Қапшағай қаласында да ұйымдастырылды. 19 ақпан күні «Білім саласындағы жаңашылдықтар» тақырыбында өткен республикалық семинар-кеңестің жұмысына Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағы төрағасының орынбасары А.Мұқашева, бас маманы Р.Қыдырбаева, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілдері Б.Әбілкәрімова, Н.Дидарбекова, Қ.Алғазинова қатысып, білім саласындағы жаңашылдықтарға тоқталып, өзекті мәселелерді талқылады.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаментінің бас сарапшысы Бибі Қажымолдақызы «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасының негізгі баптарына тоқталды. Ал Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағы төрағасының орынбасары А.Мұқашева Заң жобасына ұстаздардың әлеуметтік кепілдіктері бойынша енгізілген өзгерістерге қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

«Бүгінгі білім саласындағы қызметкерлердің еңбекақыларына қосылатын үстемақы базалық лауазымдық жалақыға байланысты төленеді, ал оның мөлшері небәрі 17697 теңгені құрайды. Салалық кәсіподақ базалық лауазымдық жалақыны минималды жалақыға теңестіруді ұсынып отыр. Егер бұл ұсыныс жүзеге асса, педагог қызметкерлердің еңбекақыларына қосылатын

үстемақылардың көлемі едіәуір көтерілер еді», – деді өз сөзінде Айгүл Мақсатқызы.

Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің бас сарапшысы Наужан Дидарбекова 2019 жылы жоғарғы оқу орындарына білімгерлерді қабылдау бойынша енгізілген өзгерістерге тоқсталса, аталмыш министрліктің техникалық және кәсіптік білім беру департаменті басқармасының басшысы Қаламқас Алғазинова кәсіптік және техникалық білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар төңірегінде өз ойларымен бөлісті.

Семинар бағдарламасына сәйкес өткен секциялық отырыстар барысында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қаржы-шаруашылық қызметі, еңбек қатынастарын реттеудегі әлеуметтік әріптестіктің рөлі туралы сөз қозғалды.

Пікір алмасу форматында өткен шара барысында білім саласына қатысты өзекті мәселелер қозғалып, қатысушылар сұрақтарына толыққанды жауап алды.

Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлованың төрағалығымен өткен семинарға аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттерінің төрағалары, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің басшылары, арнаулы оқу орындары мен орта мектеп директорлары барлығы 260 ұстаз қатысты.