Аналарға әрдайым қолдау көрсетіледі

Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде әлеуметтік қолдауды күшейту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту шараларын күшейтуге нақты тапсырмалар бергені мәлім.  Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өткен жылы ел халқына арнаған Жолдауында да әрбір қазақстандықтың өмірін жақсартуға байланысты Бес әлеуметтік бастама көтергені белгілі.

Елбасы қойған міндеттерді жүзеге асыруды, соның ішінде көп балалы аналарға қолдау көрсетуді Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен бастауыш кәсіподақ ұйымдары ұдайы басты назарда ұстап келеді. Соның бір мысалы ретінде ақпан айында Қызылорда облысындағы «Жаңақорған» шипажайының басшылығы кәсіподақ ұйымымен бірлесе отырып көп балалы және жалғыз басты қызметкер әйелдерге, сондай-ақ сәбилі болған әрбір қызметкер аналарға материалдық көмек көрсетуді қолға алғанын атап өтуге болады.

Бүгін осындай игі шараның жалғасы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көрініс тапты. Оқу орнының басшылығы мен Кәсіподақтар федерациясы бірлесіп  көп балалы аналарға қолдау көрсету бастамасын көтерді.

Аталған оқу орнында әйелдер мерекесіне арналған салтанатты шарада ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Мұхтар Тінікеев осы оқу орнында  қызмет жасайтын көп балалы 12 әйелге еліміздің «Мерке», «Щучинск» шипажайларына демалуға және денсаулықтарын түзеп қайтуға  тегін жолдама сертификатын тапсырды. Олардың қатарында оқытушылармен қатар техникалық қызметкерлер де бар. Өз кезегінде оқу орны жолдама алған қызметкерлердің сауықтыру орындарына барып келуінің жол шығындарын төлеп беруді өз міндетіне алды. Мереке қарсаңында тосын сыйлыққа ие болған көп балалы жас аналар қуаныштарымен бөлісіп жатты.

Алдағы уақытта мұндай әлеуметтік қолдау шаралары басқа да кәсіпорындарда жалғасын табатын болады.