Кәсіподақтар аяулы аруларды құттықтады

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі түрлі салалардың кәсіподақ қызметінде жүрген және осы қызметтен зейнеткерлікке шыққан аяулы аруларын «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесімен құттықтады.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бекжанов Берік Айдарбекұлы әйелдер қауымын құттықтап: ««Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» – деген дана халқымыз. Бүгінде аяулы арулардың қоғамда алатын орны ерекше. Өйткені, Сіздер аяулы ана ретінде отбасының ұйытқысы болумен қатар, қарапайым еңбек адамы қызметінен бастап мемлекеттік басқару деңгейінде еңбек етіп, егеменді еліміздің әлеуметтік-экономикасына, кәсіподақ қозғалысына қажырлы еңбектеріңізбен сүбелі үлес қосып келесіздер дей отырып, оларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасының бақытын тіледі.»

Сонымен бірге Құрылыс, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық саласы кәсіподағының төрағасы А.Манахов, Мәдениет, спорт және ақпарат саласы кәсіподағының төрағасы Б.Прімбетов, Білім және ғылым саласы кәсіподағының төрағасы Б.Еркінбек бастаған топ құттықтау сөз сөйлеп, соңынан мәдениет саласына еңбегі сіңген Б.Прімбетов «Алтынай» әнін шырқап көпшіліктің көңілін бір көтеріп тастады.

Сондай-ақ, Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағының төрайымы К.Есебаева, ардагер аналар В.Ващенко мен Н.Нурмадиева бастаған топ алғыстарын айтып, соңынан ардагер ана Насима Слямқызы «Сыған серенадасы» әнін шырқап көпшілікті тағы бір қуантты.

Жалпы мерекелік іс-шарада 30-ға жуық әйел-қыздарға сыйлықтар, құттықтау хаттары мен гүл шоқтары тапсырылды. Олардың қатарында «Ұстаз жолы» газетінен Ұлжан Миятқызы, «Отырар» телеарнасынан Мақпал Жолдасбекқызы, «Медиацияны дамыту орталығы» Республикалық Қоғамдық Бірлестігі және «Тәжірибелі заңгерлердің ұлттық орталығы» Республикалық Қоғамдық Бірлестігі Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша өкілдігінің директоры Акшегирова Лаура Мұратқызы қатысты.

«Жастар жылында» жалындаған жастарға да марапаттар жасалып, ардагер аналарға деген жалынды жастардың дуалы тілегі айтылды.

Аяулы аруларға арналған мерекелік дастархан үстіндегі іс-шара қызықты концерттік бағдарламаға ұласып, ұлыстың ұлы күні «Наурыз» мерекесі қарсаңында мәз-мейрам болып тарқасты.