Аналарға мың алғыс!

Кәсіподақтар орталығы бекіткен жоспарға сәйкес Түркістан облысы Ордабасы ауданының Темірлан ауылындағы аудандық мәдениет үйінде білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Ордабасы аудандық комитетінің ұйымдастыруымен “Мың алғыс саған, анашым!” тақырыбымен аналар мерекесі өтті.

Мерекеге ардагер аналар, Алтын, Күміс алқа иегерлері, бірнеше егіздерді дүниеге әкелген аналар, көпбалалы аналар, үздік ұстаз-аналар, жас ұстаздар отбасылары болып барлығы 500-ге жуық адам қатысты.

Ардақты да аяулы аналарға орамал тарту етіп, гүл шоқтары мен арнайы сыйлықтар тапсырылып, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық және аудандық комитеттерінің, кәсіподақтар орталығының, аудан әкімінің және аудандық мәслиxаттың марапаттары табысталды.

Сонымен бірге жас ұстаздар отбасыларына құрмет көрсетілді.

Мерекелік құттықтау соңы өнер иелерінің концерттік бағдарламасына ұласты.

Мерекеге кәсіподақтар орталығының өкілі – облыстық білім саласы кәсіподақ комитетінің бөлім басшысы Ғ.Ақбердиев, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары А.Тілеубердиев, “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Жәкей қатысып, барша аналарды «8 наурыз – Халықаралық йелдер күні» мерекесімен құттықтады.

Аналардың бал-бұл жайнаған жүздерін көріп, бәрі де мәз болды!

Шынайы құрмет, жылы лебіз қашан да көңілге қуаныш сыйлайды ғой шіркін!