Келешек – Жастармен

6 наурызда Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов Жастар кеңесінің мүшелерімен кездесті. Кездесуге облыстық салалық кәсіподақтардың белсенді жастары қатысты. Кездесу барысында 2019 жылдың жастар жылы болып жариялануынан туындаған жастар үшін мүмкіндіктер, жаңа заманауи талаптар және жүргізілетін жұмыстар туралы сөз өрбіді. Серік Сермағамбетов өз сөзінде Жастар жылында жастарға сенім арта отырып, олардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін арттыру, жан-жақты қолдау көрсету саясатымен жұмыс жасалатындығын, жұмыскер жастардың еңбек құқықтары мәселесі басты назарда екендігін айтты.
Жастар мәселесін шешілуі бойынша қандай нақты жұмыстар жүргізілуі керек? Кәсіподақ жастары мәселесінде қандай мәселелер бар? Бұл тұрғыда саланың жас кәсіподақ белсенділері өз ойларын ортаға салды. Кәсіподақтардың жастар хэштегімен ақпараттық платформада танымалдану, жастардың кәсіподақтық көшбасшылары мектебін жүргізу, арнайы бейнебаяндар жасау және басқа да жастарды кәсіподақ қатарына тарту, насихаттау жұмыстарымен қатар, құқықтық сауаттылықты арттыру, еңбек ұжымдарында ұжымдық шарттарда жастар мәселесі қаралуын бастамалау туралы ұсыныстар талқыланды.
Сонымен қатар, кездесуде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының Жастар Кеңесінің Қызылорда облысы бойынша төрағасы Мәди Айбек таныстырылып, облыстық кеңес құрамының жаңа мүшелері нақтыланды.