Алакөл ауданында үздік сынып жетекшісі анықталды

Ағымдағы жылдың 12 наурыз күні білім және ғылым қызметкерлері Алакөл аудандық кәсіподақ комитеті және аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Үздік сынып жетекші – 2019» байқауы өтті.

Байқаудың мақсаты – сынып жетекшілердің өзара тәжірбие алмасуына, шығармашылық зертханасын айқындауға, оқушыларға білім берудегі өзгерістерді еркін меңгеруге бағытталған.

Әлеуметтік әріптестік негізінде қос тараптың біріккен байқауы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Шараға қатысушылар алғашқы кезеңде «Үздік портфолио» жаңа үлгідегі инновациялық жұмыстарының жинағы, «Үздік сынып сағаты» тақырыбында тәрбие сағатын өткізіп, «Өзім және уақыт туралы ойлар» атты эссе-шығармашылық жұмысын жазып, Алакөл ауданы бойынша 45 мұғалім байқауға қатысуға ниет білдіріп, алдын-ала ұйымдастырушыларға құжаттарын жолдаған болатын.

Іріктеу кезеңінен 12 мұғалімнің жұмысы жоғары бағаланып, ақтық сынға жолдама алды.

Байқау ережесіне сәйкес екінші кезеңде қатысушылар «Мен-сынып жетекшісімін» сайысында өздерін таныстырса, «Менің сыныбым-менің байлығым» тақырыбында презентациясын жасап, оқушылармен жүргізген жұмыстарын көшілікке көрсетті.

Әділқазы алқасы барлық мүмкіндікті пайдаланып, ұтымды ойларымен бөліскен ұстаздарға әділ бағаларын берді.

Бағы мен бабы келісіп, үздік шыққан Қант зауыты орта мектебінің сынып жетекшісі Ж. Бейсенова бас жүлдені қанжығалап, облыстық кезеңге жолдама алды. Ал, І орынды Бескөл №14 орта мектебінің мұғалімі Ш. Ақжолова, ІІ орынды Қарлығаш негізгі орта мектебінің мұғалімі Ж. Айбаева және Қабанбай №3 орта мектебінің мұғалімі Г. Ракишева иеленді. Аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы К. Алпысбаев жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыстады.