Еңбек қауіпсіздігі және жалақы мәселесі

Бүгін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Т.Жанкенің төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы М.Төлепберген бастаған салалық кәсіподақ ұйымдарының басшылары, яғни комиссия мүшелері мен әлеуметтік әріптестік тараптары қатысты.
Отырыста күн тәртібінде қаралған мәселелер, соның ішінде өңірдегі жалақы қарыздары, еңбек қауіпсіздігі мен жазатайым оқиғалардың жай-күйі және жалақы көтеру сияқты әлеуметтік маңызы зор мәселелер қаралды.
Атап айтқанда, бүгінгі күнге өңірде ағымдағы және үш айдан асқан жалақы қарыздарының сомасы 73,2 млн. теңгені құрап отыр. Осыған байланысты жалақы қарыздары орын алған «Энерджи Тараз» ЖШС-і, «Амангелді ГӨЗ» ЖШС-і сияқты кәсіпорын басшыларының есебі тыңдалып, қарыздарды өтеу мәселелері талқыланды.
Ал еңбек қауіпсіздігіне қатысты, 2018 жылдың қорытындысы бойынша облыста 48 жазатайым оқиға тіркелген, соның ішінде осы жайттан 10 адам қаза тауып отыр. Осыған қатысты жазатайым оқиғалар көп орын алған «АК Алтыналмас» АҚ Ақбақай филиалы, «Казфосфат» ЖШС-і сияқты ірі өндірістік кәсіпорындар өкілдердерінің есебі тыңдалып, талқыға түсті.
Сонымен қатар күн тәртібіндегі тағы бір мәселе, өңірдегі білім саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру және цифрландыру бойынша облыстық білім басқармасының басшысының орынбасары Ж. Бекбатырова да атқарылған жұмыстар жайлы баяндап берді.
Күн тәртібіне сәйкес аталған мәселелерге қатысты әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Талас, Шу, Сарысу, Мойынқұм аудандарының және Тараз қаласының комиссия төрағалары да есептерін берді.
Жиынды қорытындылаған комиссия төрағасы Т.Жанке әлеуметтік мәселелердің қазіргі таңда Елбасының тапсырмасына сәйкес үлкен маңызға ие екенін ескертіп, аталған мәселелерді шешу бойынша жұмыстарды қарқынды түрде жандандыруды тапсырды.