Тікелей байланыс орнатылды

12 наурыз күні БҚО Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Б.А.Атауов пен БҚО Кәсіподақтар орталығы жанындағы «Келешек» жастар ісі жөніндегі кеңесінің төрайымы А.С.Жақсығалиева «AQJAIYQ» телеарнасындағы «Ел алдында» бағдарламасында «Кәсіподақ-еркін қоғамдық ұйым» деп аталатын хабардың тікелей эфиріне қатысып, кәсіподақ саласының келеңді мәселелері мен биылғы жылға жоспарланған жұмыстары жайында ой бөлісті.

Тікелей эфир барысындағы сұхбатта Б.Атауов кәсіподақтардың тарихын тілге тиек етіп, Батыс Қазақстан Кәсіподақтар орталығының облыс көлеміндегі кәсіподақ саласының қызметін ұйымдастыру мен үйлестіру бағытындағы жұмысы, кәсіподақтардың еліміздегі және қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау жолындағы мақсаты мен міндеттеріне тоқталып өтті.

Кәсіподақ Федерациясының кәсіподақтар жұмысын жандандыру, жаңғыртуға байланысты жоспарланған шаралары, Қауіпсіз еңбек бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары жөнінде баяндады. Сонымен қатар, ұжымдағы кәсіподақтың рөлі мен маңызы, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы әлеуметтік әріптестік, ұжымдық шарттың ұжым үшін қандай артықшылықтар әкелетіні жайында сөз етті. Сонымен бірге, кәсіподақтардың жұмыскерлердің құқығы мен мүдделерін қорғау бойынша қабылданған шаралары, облыс бойынша мекемелердің жұмысшылар алдындағы жалақы бойынша берешектері, еңбек дауларын шешу тәртібі мен жолдары туралы айтылды.

«Келешек» жастар ісі жөніндегі кеңесінің төрайымы А.С. Жақсығалиева өз тарапынан Елбасымен жарияланған Жастар жылының аясында кәсіподақ жастарының жоспарларымен бөлісіп, сол жоспарлар шеңберінде атқарылатын іс-шаралар туралы айтып өтті.

Сұхбат соңында Б.Атауов көрермендерден түскен сауалдарға жауап берді.