Ынтымақтастық Меморандумына қол қойылды

Осы жылдың 15 наурыз күні Батыс Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы мен Орал қаласының №2 соты арасында еңбек даулары мен жария-құқықтық қатынастардан туындаған даулардың алдын-алу мақсатында өзара ынтымақтастық Меморандумына қол қою шарасы өтті.

Шараға БҚО Кәсіподақтар орталығы, Орал қаласының №2 сотының судьялары, Орал қаласының прокуратурасының өкілдері, БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқармасы, БҚО кәсіпкерлер палатасы, БҚО медиаторлар Одағы, «Батыс су арнасы» ЖШС, №1 Балалар саз мектебі, «Оқушылар сарайы» МКҚК, «№1 Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі» МКҚК өкілдері қатысты.

Шараны Орал қаласының №2 соты төрағасы А.Борамбаев ашып, балама тәсілдермен шешілетін дауларды реттеу және халыққа дауларды соттан тыс реттеудің жолдарын кеңінен насихаттау жайында сөз етті. Одан кейін сөз алған Кәсіподақтар орталығының төрағасы А.Таспихов Батыс Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығының жұмысы және еңбек ұжымдарындағы дауларды шешу бағытындағы кәсіподақтардың атқарып отырған жұмысы туралы айтып өтті. Шара барысында Орал қаласының №2 сотының судьясы Г.Суханова «Еңбек дауларын және жария-құқықтық қатынастардан туындаған даулардың алдын алу» пилоттық жобасының іске асырылуы және қандай түрдегі дау болса да ең алдымен соттан тыс және сотқа дейінгі тәртіпте шешу жолдары мен тәсілдері жөнінде баяндады.

Әрі қарай күн тәртібінде белгіленгендей Батыс Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы мен Орал қаласының №2 соты арасында еңбек даулары мен жария-құқықтық қатынастардан туындаған даулардың алдын-алу мақсатында өзара ынтымақтастық Меморандумына А.Таспихов пен А.Борамбаев қол қойды.

Шара қорытындысында қатысушылар дауларды сотқа жеткізбей соттан тыс және сотқа дейін шешу, қоғамдағы шиеленісті, тараптардың арасындағы дауларды азайту мақсатындағы жұмысты бірігіп атқару туралы шешімге келді.