«Қош келдің, әз-Наурыз!» атты қайырылымдылық акциясы аясында

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Әлеуметтік жағынан аз қамтылған жанұяларға қолдау шараларын күшейту керек. Әсіресе, көпбалалы отбасыларға деген көмек барынша көрсетілуі керек” деген тапсырмасы аясында және ҚРКФ-тың 2019 жылдың бірінші жартысына арналған медиа-жоспары негізінде, Наурыз мерекесі қарсаңында аталып өткен «Амал мерекесі» күні Маңғыстау облыстық кәсіподақтар орталығының ұйымдастыруымен «Қош келдің,әз-Наурыз!» атты қайырылымдылық акциясы өтті.

Қайырымдылық – ізгіліктің белгісі. Қайырымдылық – адамның асыл қасиеттерінің бірі. Ұлы Пайғамбарымыздың өзі (с.ғ.с): «Жақсылық жасаңдар, қайырымды боласыңдар!» деген. Осыған орай, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Киікбай Мыңбайұлы Жаулиннің бастауымен кәсіподақтар ортылығының ұжымы қаржы жағынан тапшылық көріп отырған мүжәлсіз көп балалы отбасыларға қайтарымсыз көмек көрсетті.

Шара аясында, төраға К.Жаулин өз ұжымымен көп баланы аз қамтылған Ганибаева Мөлдір және Серідалиева Жамиля Сейілбекқызының отбасын салтанатты түрде көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, оларға қайырымдылық көмегі ретінде азық-түлік табысталды. Көп балалы ана Ганибаева Мөлдір қазіргі таңда сегіз бүлдіршінді тәрбиелеп отыр. Балаларының үлкені – 17 жаста, кіші баласы – 2 жарым жаста екен. Олар Басқұдық елді мекенінде уақытша ғимаратта тұрып жатыр. Ал, екінші көмек қолы созылған көпбалы ана Серідалиева Жамиля екі ұл, үш қыз тәрбиелеп отыр. Кішкентайы жүрек ауруы бойынша мүгедек. Жалғыз басты ана елу мың жалақысымен отбасын асырап отырған көрінеді. Көп балалы аналар қайырымды жандарға алғыстарымен ризашылықтарын білдірді. ​​​​«Қоғамдық құндылықтар өзгеріп, заман алмасты. Менің ойымша, жастар арасында мейірбандық, адамгершілік, жомарттық сынды қасиеттерді көпке үлгі ету үшін іс-шараларды көптеп өткізуіміз қажет. Мемлекет ол билік қана емес, ол әрбір азамат деп ойлаймын. Қоғамның әлжуаз топтарына көмек қолын созу – әрбір отандасымыздың парызы, һәм жауапкершілігі. Наурыз мерекесі қарсаңында қолға алынған қайырымдылық акциясы осы ниетпен ұйымдастырылды», – деді «Маңғыстау облыстық кәсіподақтар орталығы»АКБ-нің төрағасы К. Жаулин. ​Ізгі шараның негізгі мақсаты қоғамда, өскелең ұрпақ арасында мейірімділік, қамқорлық сезімін қалыптастыру, әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға көмек көрсету, достық, бірлікті нығайту болып табылады. Мұның бәрін тілге тиек етіп отырған себебіміз, осы өмірде қандай да бір игілікті,қайырымды істеріміздің сыйы – Алла Тағаланың жәннаты екенін жадымыздан шығармай, соған амал ету. Жақсылықтың қайтарымы көп болады. Алла Тағала осындай сауапқа ұмтылуды баршамызға нәсіп етсін!