ҚР Кәсіподақтар федерациясы ХЕҰ-ның конвенцияларын бекітуге ұсыныс жасады

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Б.Әбдірайым еліміздегі еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі бірқатар мәселелерді Үкіметтің қарауына  ұсынды.

 

«Еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі шаралар туралы» мәселесі бойынша Үкімет отырысындағы мәлімдемесінде ҚРКФ төрағасы бірқатар әлеуметтік-еңбек мәселелерін көтерді.

Ең алдымен ол Үкіметке әлеуметтік әріптестік бойынша облыстық үшжақты комиссиялар жұмысын жандандыруды және ұжымдық шарттар бойынша мәселені тұрақты түрде жүзеге асырылуын қарауға ұсыныс жасады.

«Еңбек кодексіне сәйкес ұжымдық шарт жұмысшылардың мүддесін қорғайтын және әлеуметтік әділдік қағидаларын сақтаудың негізгі құралы болып табылады.

Бүгінгі таңда  еліміз бойынша кәсіпорындар мен ұйымдардың небәрі 40 % ғана ұжымдық шарттармен қамтылған. Оның ішінде, ұжымдық шарттар бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейтін кәсіпорындардың 98 пайызында бекітілген.

Дегенмен, соңғы уақытта кейбір өңірлерден ұжымдық шарттар санының өсу динамикасы байқалады. Мұны бір ғана Алматы қаласынан көруге болады.  Мұнда өткен жылы ғана бекітілген шарттардың үлесі          4-тен 19 пайызға артты», – деп атап өтті Б.Әбдірайым.

Сонымен қатар, еңбекшілерді толғандырып жүрген лайықты еңбекақымен қамтамасыз ету мәселесі айтылды.

Бюджет саласы, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардың қызметкерлерінің еңбекақыларының төмен деңгейіне Бақытжан Әбдірайым алаңдаушылық білдірді.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларына сай соңғы жартыжылдықта еңбекақыны арттыруға қатысты шешім екі рет қабылданды. Атап айтқанда, 2019 жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге  артты, ал ағымдағы жылғы шілде айынан бастап бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы өседі.

Солай бола тұра, ауыл, орман шаруашылығында және басқа да бірқатар салада жұмысшылардың еңбекақысы әлі де төмен.

Сондықтан, кәсіпорын басшыларын, бизнес-қауымдастықты, жергілікті атқару органдарын жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақыларын арттыруға шақырамыз.

Қазір Үкімет бюджет саласындағы табыс деңгейін арттыруды қолға алып жатыр. Осы ретте біз халықтың әл-ауқатының әлеуметтік стандарттарын арттыруға қатысты Елбасы қойған міндеттерді ескере отырып, Үкіметке бюджет саласындағы базалық лауазымдық қызметақыны ең төменгі жалақыға кезеңімен ауыстыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», – деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

ҚРКФ төрағасы  елімізде қарыздық еңбекті қолдану тәжірибесі жұмысшылардың еңбек құқығының бұзылуына және еңбеккерлердің наразылығының туындауына әкеп соқтыратынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, халықты жұмыспен қамтуда осы аталған нысанға заңнамалық реттеу нормаларының  жоқтығы кедергі жасап отыр.

«Таяуда Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты қарыздық еңбекті реттеу жөнінде заң жобасын әзірлеу туралы бастама көтерді»,-деп еске салды Б. Әбдірайым.

«Соған орай Үкіметтен бастаманы қолдауды, сонымен қатар жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқығын шектейтін  заңнама актілеріне мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыруға» Б.Әбдірайым  ұсыныс берді.

ҚРКФ төрағасы Б.Әбдірайым өз сөзінде өндірістік жарақатты азайту мәселесіне тоқталды.

– Өндірістік жарақаттанушылық мөлшерінің біршама төмендегеніне қарамастан, еңбекті қорғау саласындағы жағдай күрделі болып отыр бермек.

Ресми дерек бойынша 2018 жылы ғана 1568 адам өндірісте жарақат алған. Оның 300-ге жуығы – әйелдер. Жыл сайын 200-ден астам адам мерт болады,- деп атап өтті төраға.

Осыған байланысты, Еңбек министрлігі ұсынған шараларды қолдауды және еңбек қауіпсіздігін жақсы қамтамасыз еткен кәсіпорындарды ынталандыру жолдарын әзірлеуді ұсынамыз. Осы бағытта Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ОЭСР) мүше – дамыған мемлекеттер қолданып отырған «Vision Zero» – «нөлдік жарақаттанушылық» тәжірибесін зерделеп, қолданысқа енгізу қажет , -деп мәлімдеді Федерация төрағасы.

ҚРКФ төрағасы  еңбекшілердің құқықтық кепілдемесін нығайту мақсатында Халықаралық Еңбек Ұйымы қабылдаған конвенцияларын бекіту жайына  тоқталды.

Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының 24 конвенциясын бекіткен. Бұл – басқа елдермен салыстырғанда, төмен көрсеткіш.

Осы тұрғыда Кәсіподақтар федерациясы Үкіметке бес конвенцияны ратификациялау мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс тастады:

  • «Әлеуметтік қамтамасыз етудің минимал нормалары туралы» 102 конвенция.
  • «Дамушы елдерді ерекше ескеру арқылы ең төменгі жалақыны белгілеу туралы»  131  конвенция.
  • «Ұжымдық келіссөздердің жәрдемдесуі туралы» 154 конвенция
  • «Толық емес жұмыс уақыты шарттарында жұмыс істеу туралы»   175  конвенция
  • «Ауыл шаруашылығында еңбек қауіпсіздігі және еңбек гигиенасы туралы» 184 конвенция

ҚРКФ баспасөз қызметі