ҚРКФ ХЕҰ-ның 100 жылдығына арналған Халықаралық конференция жұмысын бастады

2019 жылдың 20 наурызы күні Алматы қаласында Халықаралық еңбек ұйымының (бұдан әрі -ХЕҰ) 100 жылдығына арналған «Кәсіподақтардың әлеуметтік-еңбек қатынастарындағы рөлі. Шығыс пен Батыстың диалогы» деген тақырыпта Халықаралық конференция өтті.

Форум жұмысына Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Малайзия, Молдова, Монғолия, Тәжікстан, Түркия, Түркіменстан, Өзбекстан мен Жапония елдері кәсіподақ ұйымдарының делегаттары, сондай-ақ ҚР Кәсіподақтар федерациясы ( бұдан әрі -ҚРКФ) мен еліміздегі кәсіподақ ұйымдарының, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен белгілі ғалымдар, сарапшылар мен Алматы қаласы әкімдігінің, барлығы 200-ге жуық адам қатысты.

Іс-шара барысында кәсіподақтың халықаралық деңгейдегі өзекті мәселелері – әлеуметтік-еңбек қатынастарын жетілдіру, әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мен еңбекшілердің кепілдіктерін нығайту жан-жақты талқыланды.

«Кәсіподақтар федерациясы ХЕҰ лайықты еңбекті әлеуметтік, экономикалық және экологиялық дамудың негізгі тетігі ретінде бағалаған тұжырымдамасын әр уақытта қолдайды. ҚРКФ әлеуметтік әділеттік пен тепе-теңдікті қамтамасыз етуді басты мақсат санайды», – деп атап өтті конференцияны ашқан ҚРКФ төрағасының орынбасары Сатыбалды Дәулеталин.

Осы жылдың наурыз айында ҚРКФ Қазақстан Республикасының Үкіметіне ХЕҰ-ның бес конвенциясын ратификациялау мүмкіндігін қарастыру жөнінде ұсыныс жасаған.

(Анықтама: Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының 189 конвециясының 24 конвенциясын

ратификациялаған).

Сонымен қатар, форумға қатысушылар еңбекті ұйымдастырудың жаңа әдістері мен технологияларының өндіріске еніп, соның салдарынан әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздіктің артып отырғанына алаңдаушылық білдірді. Олар ғаламдық кәсіподақ міндеттерін бірлесе шешуге және халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Соған орай еңбек нарығының икемділігін арттыру, жұмысшы күшінің сапасын, жұмысшылардың жасырын күшін азайту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты іс-шаралар қарастыру қажеттігіне тоқталды.

Конференция жұмысы «Кәсіподақтар: тәжірибе және уақыттың жаңа талаптары» деген тақырыппен «дөңгелек үстел» түрінде жалғасты.

Онда адам капиталын дамыту мен әлеуметтік-еңбек қатынастарын жаңғырту мақсатында кәсіподақ қозғалысының рөлі мен орны жан-жақты әңгіменің өзегі болды.

Бұл ретте спикерлер әлемдік озық тәжірибеге сәйкес тұрғындардың экономикалық белсенділігінің өсуі мен еңбекақысын арттыру, жұмыссыздық деңгейін азайту мен қоғамда әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелерін талқыға салды.

Осы жылдың наурыз айында ҚРКФ Қазақстан Республикасы Үкіметіне еліміздегі бюджеттік сала қызметкерлері еңбекақысын есептеудің индикаторын қайта қарау жөнінде хат жолдаған.

Ең алдымен аз қамтамасыз етілген қызметкерлерді әлеуметтік жағынан қолдау бағытында ҚР Кәсіподақтар федерациясы жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Атап айтқанда, Қызылорда облысындағы «Жаңақорған» демалыс орнында еңбек ететін көп балалы және жалғыз басты аналарға жыл сайын бір мәрте ең төменгі еңбекақының екі есе мөлшері көлемінде қаражат беріледі. Сонымен бірге, табысы аз әйел қызметкерге дүниеге келген әрбір сәби үшін ең төменгі еңбекақы мөлшерінде қаржы қарастырылып отыр.

Кәсіподақтар қызметінің басты бағыттарының бірі – еңбекті қорғау.

Қазір еліміздің кәсіпорындары мен ұйымдарында еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігі бойынша 12 855 өндірістік кеңес құрылып, еңбекті қорғау жағдайына қоғамдық бақылау жасайтын 17 914 техникалық инспектор жұмыс істейді.

Бірақ сарапшылардың пікірінше, елімізде өндірістік жарақаттанушылық жоғары деңгейде қалып отыр. Сондықтан қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз ету мақсатында «нөлдік жарақаттанушылық» – «Vizion Zero» халықаралық бағдарламасына қосылу қажеттігі туындап отыр.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы отандық және шетелдік белгілі ғалымдар мен құқықтанушылардың қатысуымен бірінші рет «Кәсіподақтар: теория мен тәжірибе» деген тақырыпта ғылыми монография шығарған. Бұл кітапта әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің кәсіподақ ұйымдары тәжірибесінің қамтылуы моногрфияныңмаңыздылығын арттыра түскен.

Конференция аясында 20-21 наурыз күндері «Көктем» шипажайында ҚРКФ және Жапонияның JILAF халықаралық еңбек қоры бірлесіп «Өндірістік қарым-қатынастар, еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету» деген тақырыпта бірлескен семинар өткізеді.

Семинарда Жапонияның JILAF Халықаралық еңбек қорының Бас хатшысы Рио Саито мен JILAF тәжірибе алмасу тобының директоры Тошиказу Саито Жапониядағы кәсіподақтар қозғалысы тарихының тәжірибесімен бөлісіп, қазіргі кезеңдегі даму перспективаларын мәлімдеді.

JILAF- халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ету мақсатында әлем елдерінің демократиялық еңбек қозғалыстары мен әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етіп, 20 жылдан аса уақыт жұмыс істеп келе жатқан беделді халықаралық жапондық қор.

Семинарға қатысушылар екі елдің өндірістік қатынастарын жақсарту жолында ҚРКФ мен JILAF арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниет білдірді.

Форум шеңберінде қатысушылар әлеуметтік-еңбек қатынастарын жетілдіру, кәсіподақ қозғалысын дамыту мен әлеуметтік әріптестікті нығайту үшін әлемдік үздік іс-тәжірибелер туралы сындарлы ой-пікірлерімен алмасты.