Кәсіподақтар «КИНЭС» рекордтар кітабына енді

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Ұлыстың ұлы күні –  Наурыз мейрамын жоғары дәрежеде атап өтуді дәстүрге айналдырған. Мерейлі мейрам күндері республикамыздың әр өңірінде «Кәсіподақтардың киіз үйі» құрылып, халыққа наурыз көже таратылуда. Қазақы нақыштағы ою-өрнектермен әсемделіп, салт-дәстүрге сай жабдықталған киіз үйде кәсіподақ өкілдері қала тұрғындарын қарсы алып, салт-дәстүрге негізделген түрлі қойылымдар қоюда.

Ағымдағы жылы бұл үрдіс тың сипатқа ие болды. Елордамыздың орталық алаңында Ұлыстың ұлы күніне орай құрылған кәсіподақтардың киіз үйінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы қала тұрғындарына 500 литр наурыз көжені дайындап, бір мезгілде таратты. Аталмыш шара қазақстандық «КИНЭС» рекордтар кітабының арнайы сертификатына ие болды. Арнайы сертификатты Қазақстан рекордтар кітабының өкілі Қуандық Құдайбергенов табыстады. Қазақстандық «КИНЭС» рекордтар кітабы сертификатының табысталу рәсіміне БАҚ өкілдері қатысты.

Жаңару мен жасампаздың бастауы саналатын Наурыз мейрамында қала тұрғындары мен қонақтары киіз үйге кіріп, дастарханнан дәм татты, сыртта палау мен наурыз көже ұсынылды. Сонымен қатар, елодамызға келген шотландтық қонақтар да кәсіподақтар ұсынған наурыз көжеден дәм татып, салт-дәстүрімізге тәнті болды.

Мерекелік бағдарлама аясында кәсіподақтардың киіз үйі «келін түсіру» дәстүрінен қойылым көрсетті. Келін түсіру – үлкен әулеттің көптен күткен қуанышы, әр ата-ананың арманы мен тілегі. Қойылым барысында жас келінді екі жеңгесі екі қолтығынан демеп, ортаға алып шықты. Ауылдың үлкен ақсақалы ақ батасын беріп, ізгі тілегін білдірді. Кейін аузы орақты, көркем сөздің шебері саналатын ақын немесе салт-сері беташар рәсімін өткізді. Беташар барысында осы әулеттің үлкенді-кішілерінің аты аталып, келін сәлем салды. Бұл бір жағынан жас келінді әулетпен таныстыру болып табылса, екінші жағынан – үлкенге деген құрмет, кішіге деген ізет.