КӘСІПОДАҚТАР ФЕДЕРАЦИЯСЫНДА ЖАЛПЫ ТҮРІК КӘСІПОДАҚТАРЫНЫҢ БІРІГУІ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

2019 жылғы 23 наурызда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Сатыбалды Дәулеталиннің Мемур-Сен Түркия мемлекеттік қызметшілер кәсіподағы конфедерациясының өкілдерімен кездесуі өтті.

Кездесуге түрік елі тарапынан Мемур-Сен халықаралық қарым-қатынастар департаментінің директоры Осман Тимуртас және Мемур-Сен халықаралық қарым-қатынастар жөніндегі кеңесші Угур Муфтуоглу қатысты.

Түрік кәсіподақтарының қайраткерлері жуырда Алматы қаласында өткен «Кәсіподақтардың әлеуметтік-еңбек қатынастарындағы рөлі. Шығыс пен Батыстың диалогы» халықаралық конференциясының қатысушылары болған.

ҚРКФ және Мемур-Сен арасындағы сындарлы да іскерлік кездесу барысында өзара ынтымақтастықты арттыру, Қазақстан және Түркия кәсіподақтарының қазіргі әл-ақуалы мен дамыту бағдары, түркі тілдес елдердің бірыңғай кәсіподақ қозғалысын қалыптастыру қажеттілігі  талқыланды.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Сатыбалды Дәулеталин өз сөзінде еңбек қатынастарын жаһандастыру аясында ҚР Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) қабылдаған конвенцияларды бекіту арқылы еңбеккерлердің құқығы мен тәуелсіздігін нығайту үрдістеріне белсенді қатысатынын баса айтып өтті.

Бүгінгі таңда Қазақстан ХЕҰ-ның 189 конвенциясының 24 конвенциясын, оның ішінде 8 негізгі конвенцияны бекітті. ҚР және ХЕҰ арасындағы тиімді ынтымақтастықтың дәлелі – Қазақстанның ұлттық заңнаманы еңбек саласындағы халықаралық нормаларға сәйкестендіруі және еліміздің осы халықаралық ұйымдағы ұстанымының нығаюы.

Еңбеккерлердің нақты құқықтары мен мүдделерін қозғайтын ХЕҰ конвенцияларымен қатар, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы бес халықаралық еңбек нормаларына бірігуді ұсынады. Аталмыш конвенциялар Қазақстан Республикасының еңбек және әлеуметтік заңнамасының жетілуіне, құқықтық қорғау мен барлық санаттағы жұмысшылар кепілдемелерінің артуына жәрдемдеседі.

Бүгінгі таңда ҚР Кәсіподақтар федерациясы ҚР Үкіметіне «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» ҚР Заңының ережелеріне сәйкес ХЕҰ-ның жоғарыда келтірілген конвенцияларын бекітуге қатысты үрдістік шараларды бастау қажеттігі туралы хат жолдады.

Өз кезегінде Осман Тимуртас қазақстандық әріптестеріне Алматы және Астана қалаларында көрсетілген қонақжайлық үшін алғыс білдіре отырып,  Қазақстан мен Түркия бір-бірінің халықаралық аренадағы ұстанымдарына қолдау көрсететінін, өзара достық, бауырмалдық және сенімге негізделген жалпы түрік кәсіподақтарының бірігуі үшін бірлескен қадамдар қажет екендігін айтып өтті.

Сондай-ақ, іс-сапар барысында Мемур-Сен өкілдері «TATULASY ORTALYGY» және ҚР Кәсіподақтар федерациясының Оқу орталығының жұмысымен танысты, орталықтардың жұмыс механизмдері жайында ақпарат алды, ҚРКФ жанында құрылған «TATULASY ORTALYGY» жұмысына қызығушылық танытты.

ҚРКФ Оқу орталығының директоры Жанар Усипбекова екі елдің кәсіподақ кадрларын дайындауда өзара әріптестік орнату және Түркияның сәйкес орталықтарымен қарым-қатынас орнатуға жәрдемдесу туралы ұсыныс айтты.

____________________

Анықтама үшін: Memur-Sen құру жолындағы алғашқы қадам 1992 жылы 14 ақпанда білім қызметкерлерінің одағын құру болды.

Memur-Sen кәсіподақтар конфедерациясының басты мақсаты – рухани құндылықтарға құрмет көрсету, құқықтар мен заңдарға адалдықты қамтамасыз ету, еңбек әлемін орнату, лайықты еңбекақы жүйесін қалыптастыру, жұмыс берушілер министрліктерінің мәселелерін бағалау және олардың тиімділігін арттыру үшін барлық күш-жігерді жұмсау.

2014 жылғы ресми мәліметтер бойынша Конфедерация мүшелерінің жалпы саны 800 мыңға артып, ұйым Түркияның ең ірі үкіметтік емес ұйымы болды.

2015 жылғы 18-19 сәуірде өткен 5-ші Бас Ассамблеяда Али Ялчин президент лауазымына тағайындалды.