Ұлыстың ұлы күні жоғары дәрежеде аталып өтті

22 наурыз күні Павлодар облысының кəсіподақтар бірлестіктері қаланың Орталық алаңында кәсіподақтар тарихында алғаш рет киіз үй құрып, қала тұрғындары мен қонақтарын Əз-Наурыз мейрамымен құттықтады.

Аталған іс-шараға кəсіподақ орталығының ұжымы, салалық, жергілікті жəне бастауыш кəсіподақ ұйымдары, жергілікті мемлекеттік органдар, депутаттар, кəсіподақ пен еңбек ардагерлері қатысты.

Ауқымды іс-шара барысында келген қонақтарға киіз үй ішінде дастархан жайылып, оған қоса сыртында да тегін наурыз көже, палау, құрт, бауырсақ таратылды. “100 жаңа есім” жобасының қатысушысы, виртуоз-добырашы Алексей Лодочников жиналған қауымға ұлттық əндер шырқап, өз өнерін паш етті.

Облыс тұрғындары кəсіподақтар атына өз алғыстарын білдірді. Киіз үй алдында фотоға түсіп, шаттықты мейрамды кəсіподақ мүшелерімен бөлісті.

“Павлодар облысының кəсіподақ орталығы” аумақтық кəсіподақтар орталығы барша қазақ елін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтайды! Жылыстап жеткен Жаңа Жылымыз – төл мерекеміз 22 наурыз арда халықтың басына бақ құсын қондырсын! Молшылық, бақыт, береке, бірлік, бейбіт өмір тілейміз!