aikyn, “КӘСІПОДАҚТАР МАҢЫЗЫ АРТА ТҮСПЕК”

Алматыда Халықаралық еңбек ұйымының 100 жылдығына орай, «Кәсіподақтардың әлеуметтік-еңбек қатынастарындағы рөлі. Шығыс пен Батыстың диалогы» тақырыбында халықаралық конференция ұйымдастырылды. Жиынға кәсіподақ, әлеуметтік мәселелер, еңбек нарығы саласында елеулі еңбек атқарып жүрген азаматтар қатысып, өз ойларын ортаға салды. Конференцияға Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. Сондай-ақ Қырғызстан, Беларусь, Әзірбайжан, Малайзия, Молдова, Түркия, Жапония елдеріндегі кәсіподақ делегаттары да арнайы шақырылған. Жиынды ашқан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Сатыбалды Дәулеталин осы маңызды шара барысында кәсіподақ мәселелерінің терең талқыланып, әлеуметтік-еңбек қатынастарын жетілдіру, еңбекшілерге арналған кепілдіктерді нығайту және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау тақырыбында тұшымды ойлар айтылатынын жеткізді. – Бүгінгі конференция халықаралық кәсіподақтар қозғалысы үшін өте маңызды. Әлем жаңа жаһандық жағдаяттармен ұшырасып жатқан кезде әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға ықпал ету, кәсіподақтар жұмысын жетілдіру – өте өзекті болмақ. Әсіресе, әлеуметтік еңбек қатынасы көптеген түйіндерді тарқатуды қажет етеді. Біз бәріміз жұмылып тығырықтан шығар жолды белсенді іздеп, оны көпшілікке ұсына білуіміз қажет. Жаңа технологиялардың пайда болуы өндірістегі құрылымның жаңаша формаларын қалыптастыруға әсер етуде. Бұл өзгерістер жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. Біз еңбек нарығын жетілдіріп, көлеңкелі жұмыс берушілермен күресіп, жұмыс күші сапасын арттыруға бар ынта-жігерімізді салуымыз керек. Қазір 2 миллионға жуық мүшесі бар еліміздің кәсіподақтар федерациясы еңбек нарығын қауіпсіз етуді де басты назарға алады, – деді Сатыбалды Дәулеталин. Бұдан кейін сөз алған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов шаһарда қолға алынып жатқан әлеуметтік бастамаларға тоқталды. – Шаһардағы көптеген әлеуметтік мәселелерді қала кәсіподақтарымен бірлесе отырып шешіп жатырмыз. Осыдан екі жылдай уақыт бұрын үлкен транспорттық реформа жүргізілген еді. Қазір 15 автопарк та кәсіподақтар арқылы басқарылып, ондағы көлік жүргізушілері, басқа да қызметкерлер тиісті еңбек құқығымен қамтамасыз етіліп, кешенді, жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соңғы жарты жыл уақыт көлемінде Алматы қаласы бойынша қол қойылған ұжымдық келісімдер санын 11,5 мыңға дейін арттыра алдық. Нәтижесінде, республикалық мониторингтік рейтингте біз 13-орынға көтерілдік, – деді шаһар басшысының орынбасары. Сондай-ақ шара барысында экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Жақсыбек Күлекеев, Малайзия Кәсіподақтар федерациясының халықаралық жұмыстар жөніндегі хатшысы Анна Варфоломеевалар сөз сөйлеп, еңбек нарығындағы күрмеулі мәселелер мен шешімін тапқан проблемалар жайында сөз қозғады. Шара ары қарай «Кәсіподақтар: тәжірибе және уақыттың жаңа талаптары» атты дөңгелек үстел және «Өндірістік қарым-қатынастар, еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету» атты семинарлармен жалғасты.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Толығырақ: https://aikyn.kz/2019/03/22/83284.html