Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) 100 жылдығына арналған көп тарапты кездесулер, конференциялар мен симпозиумдар сынды арнайы іс-шаралар дүние жүзі бойынша өткізілуде.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы алғашқылардың бірі болып осындай беделді ұйымның ғасырлық мерейтойына арналған іс-шараларды бастап кетті.
Қазақстандық іс-шаралар ұлттық салт-дәстүрлермен үйлесімділігімен ерекшеленеді.
Мәселен, жуырда Қарағанды облысының Кәсіподақ Орталығы мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Келешек» Жастар кеңесі «Кәсіподақтар үйі» ғимаратының алдында Наурыз мейрамына орай мерекелік науқан өткізді.
Мереке күні кәсіподақ аспаздары Халықаралық еңбек ұйымының (ILO) 100 жылдығына орай 100 килограмм бауырсақ тарту етті. Қарағандылықтар және кеншілер астанасының қонақтары жылы тілектерімен бөлісті, ал көңілді әндер мерекелік көңіл-күйді нығайта түсті.
Осы күндері Алматы қаласында ҚРКФ ұйымдастыруымен Халықаралық еңбек ұйымының 100 жылдығына арналған «Кәсіподақтардың әлеуметтік-еңбек қатынастарындағы рөлі. Шығыс пен Батыстың диалогы» тақырыбында Халықаралық конференция өтті.
Халықаралық конференция аясында «Кәсіподақтар: теориясы, тәжірибесі және уақыттың жаңа талаптары» тақырыбында дөңгелек үстел мен JILAF Жапонияның халықаралық еңбек қорымен бірге ұйымдастырылған «Өндірістік қарым-қатынастар, еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету» екікүндік семинары өткізілді.
Наурыз айының басында ҚР Кәсіподақтар федерациясы ҚР Үкіметіне «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» ҚР Заңының ережелеріне сәйкес ХЕҰ-ның 5 конвенциясын бекітуге қатысты үрдістік шараларды бастау қажеттігі туралы хат жолдады:
№1. 102 «Әлеуметтік қамтамасыз етудің минимал нормалары туралы» конвенция.
№2. 131 «Дамушы елдерді ерекше ескеру арқылы ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» конвенция
№3. 154 «Ұжымдық келіссөздердің жәрдемдесуі туралы» конвенция
№4. 175 «Толық емес жұмыс уақыты шарттарында жұмыс істеу туралы» конвенция.
№5. 184 «Ауыл шаруашылығында еңбек қауіпсіздігі және еңбек гигиенасы туралы» конвенция.
Ғылыми қызметте назардан тыс қалмады. Ұзақ жылдар ішінде тұңғыш рет ҚР Кәсіподақтар федерациясы отандық және шетелдік белгілі ғалымдар мен құқықтанушылардың қатысуымен ХЕҰ-ның 100 жылдығына арналған «Кәсіподақтар: теория мен тәжірибе» деген тақырыпта ғылыми монография шығарды. Бұл кітапта әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің кәсіподақ ұйымдары тәжірибесінің қамтылуы монографияның маңыздылығын арттыра түскен.
Осы ғылыми еңбекте толыққанды қамтылған ЭӘДҰ мүше мемлекеттердің кәсіподақтарының көп жылдық тәжірибесінің мысалдары, сонымен қатар, ТМД елдеріндегі кәсіподақтар қозғалысының тәжірибесі қазақстандық кәсіподақтарға еңбеккерлердің заңды мүдделерін тиімді ұсынуға және қорғауға жәрдемдеседі. Бұл, өз кезегінде, кәсіподақ мүшелері алдындағы ғана емес, сондай-ақ жалпы қоғам алдындағы беделін нығайтады.
Кітапта кәсіподақ қозғалысының даму тарихы, кәсіподақтардың әлеуметтік институт ретіндегі концепциясы мен қызметтері жүйеге келтірілген, кәсіподақтар қызметінің халықаралық-құқықтық негізі келтіріледі.
Кәсіподақ газеті мен ҚРКФ сайтында әлемдік еңбек нарығының заманауи аспектілері мен трендтеріне арналған Халықаралық еңбек ұйымының материалдары тұрақты негізде жарияланады.
ҚР Кәсіподақтар федерациясы «Еңбек саласындағы әйелдер рөлі: еңбектің гендерлік аспектілері мен жұмыспен қамту» ғылыми-тәжірибелік конференциясы және басқа да іс-шараларды өткізуді жоспарлауда.