ҚРКФ Төрағасының орынбасары «Абзал и К» кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесті

Қызылордаға жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Егор Яковлевич Каппель келді. Жұмыс сапары барысында Егор Каппель «Абзал и К» толық серіктестігінің жұмысымен танысып, еңбек ұжымымен кездесті.

«Абзал и К» толық серіктестігі ауыл шаруашылығында, күріш индустриясының қазақстандық нарығындағы көшбасшылардың бірі. Қазіргі таңда серкітестік өндірілген күрішті Әзірбайжан, Украина, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан және де алыс-жақын шет елдерге экспорттайды. Компания 1994 жылы құрылған, қазірде 400 ге жуық жұмыскерлер жұмыс жасайды. Әлеуметтік жауаптылығы үшін компанияның көп жылдар бойғы жүйелі жұмыстары нәтижесімен серіктестік 2017 жылы Президенттің «Алтын сапа» жүлдесімен марапатталған. Серіктестік күріш өндірумен қатар, қазір ауыз су шығару, ас тұзын өндіру және көкөніс өндірісін де қолға алған.

Жұмыскерлермен кездесу барысында Егор Каппель Кәсіподақтар Федерациясы жұмыс бағыттары, кәсіподақтар жүйесінің негізгі қызмет міндеттері туралы әңгімелеп, компаниядағы кәсіподақ ұйымы жұмысын жандандыру туралы ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, Е. Каппель облыс кәсіподақтарымен бірге “Жан-Арай” ЖШС-не қарасты құрама – жем зауыты мен күріш өндіру зауытының жұмыс барысымен танысты.