Әлеуметтік әріптестік аясында

28 наурыз күні Батыс Қазақстан Кәсіподақтар орталығының төрағасы А.Таспихов пен орынбасары Б.Атауов мұнай мен газды өндіру, қайта өңдеу және тасымалдау, тау-кен өндіру өнеркәсібі, химиялық, фармацевтикалық және тағамтану өнеркәсібі, ғылыми зерттеулер салаларында жұмыс жасайтын қазақстандық мұнай қызмет көрсету компаниясы «Топан» ЖШС басшылығымен кездесу өткізді.

Кездесудің басты мақсаты – 230-дан астам жұмысшысы бар жоғарыда аталған компанияда жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауды жолға қою, кәсіподақ ұйымын құру, жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында ұжымдық шартты жасаудың екі тарап үшін маңыздылығын түсіндіру.
Кездесу барысында төраға А.Таспихов кәсіодақтардың қоғамдағы, ұжымдағы атқаратын рөлі мен маңызы туралы, ұжымда кәсіподақ ұйымын құрудың артықшылықтары туралы баяндап берді.

Өз кезегінде сөз алған «Топан» ЖШС директоры В.Г.Харчев кәсіподақ ұйымын құру бойынша өз сұрақтарын қойып, Кәсіподақтар орталығының төрағасы мен орынбасары қойылған сұрақтарға жауап беріп, кәсіподақтардың облыс бойынша атқарып отырған қызметі туралы айтып өтті. Кездесу қорытындысында екі тарап компанияда кәсіподақ ұйымын құру және алдағы уақытта осы бағытта жұмыс жасауға келісті.