Болашақ маман – болашақ кәсіподақ мүшесі

30 наурыз күні Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің бастамасымен Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық Жоғары колледжінде аталмыш колледждің соңғы курс білімгерлерімен, оқытушылармен, өндірістік тәлімгерлермен кәсіподақ өкілдерінің кездесуі өтті. Жиында Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М.Төлепберген болашақ маман иелеріне қазіргі таңда құқықтық сауатты болудың маңыздылығына тоқталып, әлеуметтік-еңбек қатынастарындағы кәсіподақтың басты рөлі жайлы мазмұнды ақпарат берді.

Кездесу кәсіподақ өкілдерінің болашақ маман иелеріне Қазақстан Республикасының «Еңбек кодексі» және «Кәсіптік одақтар» туралы заңнамалары бойынша дәріс оқу форматында жүргізілді.

Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Б.Қараулов болашақ жас мамандарға аталған заңнамалардың ерекшеліктеріне тоқталып, кәсіподақтар жайлы презентация жасап, жас буын өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Бұл жиынның мақсаты – күні ертең маман иесі болатын білімгерлердің еңбек саласында сауаттарын ашу, кәсіподақ қызметі бойынша ақпарат беру, олардың қоғам мүшесі ретінде белсенділігін арттыруға ықпал ету.

Айта кету керек, 3200 білімгері бар аталмыш білім ордасы өңірдегі техникалық мамандарды даярлайтын орта-арнайы білім беретін ең ірі мекеме. Қазақстандағы 823 колледждің арасындағы ең үздік 10 оқу орнының қатарына кіреді. Кездесу соңында колледж директоры Ж.Орынбаева кәсіподақ өкілдеріне ұжым атынан алғыс айтты. Еңбек қатынастарын реттеу туралы бүгінгі дәріс жастарға өте пайдалы, өйткені олар ертең өндіріс маманы және кәсіподақ мүшесі болады. Мұндай жиындарды алдағы уақытта да өткізіп отыру қажет деп түйіндеді.