Көпбалалы аналармен кездесу өтті

1 сәуір күні Жуалы ауданының орталығы – Б.Момышұлы ауылының әкімдігінде Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты М. Төлепбергеннің көпбалалы аналармен кездесуі өтті.

Аталған ауылда 250-ден астам көпбалалы аналар бар. Кездесуде Н.Қошанова, Г.Жабағиева, А.Әбдікәрімова сияқты аналардың мұң-мұқтажы тыңдалып, мәселелері сараланды.

Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М.Төлепберген өз тарапынан кәсіподақ ұйымдары арқылы көпбалалы аналарға әлеуметтік әріптестіктің құралы болып табылатын ұжымдық шарттар арқылы жанұя мүшесі кәсіподақтың құрамында болған жағдайда қосымша әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер қарастыру көзделіп отырғанын айтты. Сонымен қатар, кездесуге келген көпбалалы аналарға әлеуметтік-еңбек қатынастарындағы шешімін таппаған өзекті мәселелер бойынша тікелей кәсіподақ ұйымдарына жүгіну қажет екенін және кәсіподақтар қол ұшын беруге қашанда әзір екенін жеткізді.