Алматы облысында жас мамандар бас қосты

Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы жанынан құрылған жастар Кеңесінің мүшелері Кербұлақ ауданы, Шоқан ауылындағы Ш. Уалиханов атындағы орта мектептің еңбек ұжымымен кездесті.

Кездесуде білім және ғылым қызметкерлері Кербұлақ аудандық филиалының төрағасы Жақан Дуанаев «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасының негізгі аспектілеріне тоқталып, ұстаздар қауымының мәртебесін көтеру жолында кәсіподақ тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

Кәсіподақ ұйымының жанындағы жастар Кеңесінің төрағасы Қайрат Қуанышбаев облыс көлемінде жастардың атқарған жұмысына тоқталды. «Жас ұстаздардың өзара тәжірибе алмасуына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасау мақсатында жастар Кеңесі түрлі шаралар ұйымдастырды. Атап айтсақ, Елбасының Жолдауын насихаттау үшін Ескелді ауданының екі жүзден астам ұстазы үндеу жариялады. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Кербұлақ ауданының жастары байқау өткізді. Осындай шаралар әлі де өтіледі»,- деді өз сөзінде Кеңес төрағасы Қайрат Серікұлы.

Шара барысында Алматы облыстық ұйымының бас маманы Маржан Жұмабек сөз алып, «Кәсіподақ жастарға!» жобасы аясында ұстаз мамандығын игергісі келген оқушылар арасында «Ұстаз болғым келеді» шығармашылық байқауының іріктеу кезеңі өтіп жатқанын айтып, Кеңес төрағаларына осы байқаудың қорытынды кезеңін жоғарғы деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.

Ал, Ш. Уалиханов атындағы орта мектептің жас маманы Әйгерім Мамырова мектептің тыныс-тіршілігімен таныстырып, оқушылар мен ұстаздардың жеткен жетістіктерін айтып берді. Жиында жастар өзара тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасты.

Кездесуден кейін аудандық, қалалық кәсіподақ жанындағы жастар Кеңесінің мүшелері Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында жергілікті қолөнер шеберлерінің жұмыстарын тамашалап, Ш.Уалихановтың «Алтынемел» мемориалдық музейіндегі тарихи мұралармен танысты. Қазақтың ұлы ғалымы Ш. Уалихановтың зиратына барып, құран бағыштады.