Түркияда ғаламдық оқыту бағдарламасы басталды

1 сәуірде Түркияның ең ірі қоғамдық ұйымы саналатын «MEMUR-SEN» кәсіподақтар конфедерациясының ұйымдастыруымен «Кәсіподақ қозғалысы және әлеуметтік саясат» оқыту бағдарламасы басталды. Аталмыш бағдарлама кәсіподақ саласында қызмет атқаратын мамандарға арналған. Осы бағдарламаға дүние жүзі бойынша 24 мемлекеттің өкілдері қатысуда, соның ішінде ҚРКФ атынан құқық бөлімінің меңгерушісі Алмат Исенов бар.

Бағдарламаны «MEMUR-SEN» төрағасы Али Ялчин және «Анкара Хажи Байрам Вели» университетінің ректоры Юсуф Текин ашып, оқыту курсының мақсат-міндеттері туралы айтты. Али Ялчин өз сөзінде «Бүгін біз оқыту курсын бастадық, қазір біздің оқу залында бірқатар мемлекеттің өкілдері жиналған. Біз әлемдегі заманауи еңбекке қатысты мәселелер бойынша  тәжірибе алмасамыз, пікір таластырамыз», – деп атап өтті.

Оқу семинарлары аясында қатысушылар Түркияның саяси және әкімшілік құрылымымен, Түркия мысалында еңбек қатынастарымен, мемлекеттік қызметшілер кәсіподағымен, Түркияның жұмыс тобының кәсіподағымен, табысты бөлу және кедейшілік мәселелеріне қатысты әлеуметтік саясат және т.б. мәселелермен танысатын болады.