АУЫЛДАҒЫ ЖАС МАМАНДАРДЫ ҚОЛДАУ АРҚЫЛЫ ӘЛ-АУҚАТТЫ БОЛАШАҚҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗЕМІЗ

      ҚР Кәсіподақтар федерациясының еліміздегі жұмыс берушілерге  

                                                                                    ҮНДЕУІ                                                                      

Халықтың саулығы мен денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйі – мемлекеттің даму деңгейін сипаттайтын ең негізгі көрсеткіштердің бірі де бірегейі, айқын бедері. Мемлекеттің тұрақты дамуы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштермен ғана сипатталмайды, сондай-ақ, халықтың өмір сүру ұзақтығының өсімін көрсетеді. Әлеуметтік қажеттіліктерді қанағаттандыру, соның ішінде медициналық көмекті қамтамасыз ету әлемнің кез-келген мемлекеті үшін басты мақсат болып табылады.

Бүгінгі таңда Қазақстанның ауылдық жерлерінде денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселесі айрықша өзектілікке ие болуда.

2019 жылғы 2 сәуірдегі ҚР Үкіметінің отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға қатысты нақты  тапсырмалар берді.

Тапсырмалардың бірі – ауылдық елді мекендерде қызмет ететін жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі.

Осы орайда облыстық және аудандық медициналық ұйымдарға қажетті жас мамандарды қолдау мақсатында ҚР Кәсіподақтар федерациясы «SENIM» салалық кәсіподағымен бірлесе отырып, ынталандырушы қосымша төлем («көтерме ақы») ретінде 500 000 теңгелік Сертификат бекітті.

Оған үміткерлерді іріктеу бастауыш кәсіподақ ұйымының өтініші негізінде жүзеге асырылып, «SENIM» кәсіподағының облыстық атқару комитеті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бірлескен отырысында шешім қабылданады.

Сертификат иегерімен арнайы шарт жасалады. Осы шарт негізінде жас маманға кем дегенде 2 жыл ішінде медициналық мекемеде жұмыс істеу міндеттеледі.

Бүгінгі таңда батыс және оңтүстік өңірлердің 36 маманы осы сертификатқа ие болды.

Алдағы уақытта ҚР Кәсіподақтар федерациясы «SENIM» кәсіподағымен бірлесе өткізуді жоспарлап отырған жастар форумдарында медицинаның жас мамандарына тағы да 30 сертификат берілетін болады.

Жалпы жыл соңына дейін жалпы сомасы 40 млн. теңгені құрайтын 80 сертификат табыстау жоспарлануда.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы еліміздегі жұмыс берушілерді аудандар мен ауылдарда қызмет ететін денсаулық сақтау саласының жас мамандарын әлеуметтік қолдау жөніндегі осы бастамаға белсенді атсалысуға шақырады.

Бүгінде жас мамандарға қолдау көрсету арқылы біз еңбеккерлердің   денсаулығын жақсартамыз, жұмыс орындарындағы әлеуметтік қызметкерлердің беделін арттырамыз, қазақстандықтардың әл-ауқатты жас буынын тәрбиелеуге жәрдемдесеміз!