1 сәуірде Қызылордаға жұмыс сапарымен келген «Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі төрағасы Сұлтан Қалиев Қызылорда аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Серік Сермағамбетовпен кездесіп, аймақтағы мұнай саласы жұмыскерлерінің әлеуметтік-еңбек жағдайлары туралы әңгімелесті. Кездесу барысында С.Сермағамбетов облыс көлеміндегі салаға қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмыстары жайлы айтты, басқа да мұнай компанияларында жаңадан кәсіподақ ұйымдарын құру мәселелері туралы ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, Сұлтан Қалиев аумақтық кәсіподақтармен біріге «Қуат Амлон Мұнай» біріккен кәсіпорынының бірқатар жұмыскерлері мен басшылық өкілдерімен кездесті және «СНПС-АйданМұнай » АҚ басшылығымен кездесіп, кәсіподақ ұйымының жұмысы барыстары туралы келіссөздер жүргізді.
2 сәуірде кәсіподақтар тобы бірнеше мұнай компанияларының мұнай кеніші қалашықтарына барып, жұмыскерлермен кездесті. «СНПС-АйДан Мұнай» АҚ мұнай компаниясының еңбек ұжымымен кездесу барысында еңбек қатынастары мәселелері көтерілді, кәсіподақтар қызметі мен әлеуметтік әріптестікті нығайту бағыттары жайлы түсіндірмелер жасалды. Компанияда жаңадан құрылған кәсіподақ ұйымының жұмыс барысы туралы жұмыскерлер ойлары тыңдалып, еңбек жағдайлары мен әлеуметтік өзекті мәселелер талқыланды. Мұнай компаниясының кәсіподақ ұйымы төрағасы Алмас Нұрғалиевке «Кәсіподақтар: теория және практика» атты Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары федерациясы бастамасымен жарық көрген ғылыми монографиясы табысталды. Кәсіодактардың келесі кездесулері «ҚуатАмлонМұнай» БК ЖШС, «Петро Казахстан Кұмкөл Ресорсиз» АҚ мұнай компанияларының кеніш орындарында жалғасты.