Әлеуметтік әріптестік аясында

2 сәуірде Жамбыл облысы әкімдігінде әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға комиссия мүшелері, облыстық басқарманың басшылары және кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қатысты.

Күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі – ұжымдық шарт жасау жұмыстарын жандандыру болды. Мәселеге қатысты сөз сөйлеген Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М.Төлепберген және орынбасары Б.Қараулов ұжымдық шартқа қатысты жыл басына және бүгінгі күнге қатысты мәліметтерді салыстыра келе, ұжымдық шарт жасау жұмыстарының бәсеңдеп отырғанына алаңдатушылық білдірді. Кәсіподақ өкілдері комиссия мүшелеріне бұл бағытта нақты жүргізілуі тиіс іс-әрекеттердің алгоритмін ұсынды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ұжымдық шартқа мониторинг жүргізуге құзіретті орган болып табылатын Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Е.Есіркепов өз кезегінде басқарма тарапынан ақпарат алмасып, қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Жиын соңында комиссия төрағасы, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Т.Жанке нақты тапсырмалар беріп, отырысты қорытындылады.