Еңбек қатынастары туралы Келес ауданында ашық есік күні өткізілді

2019 жылғы 2 сәуірде Түркістан облысының Келес ауданы әкімдігінде «Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен «Еңбек қатынастары туралы» тақырыпта ашық есік күні өткізілді.

Ашық есік күні аясында семинар-кеңес және азаматтарды жеке қабылдау өткізілді.

Аталған жиынға Келес ауданы әкімінің орынбасары Жаңбырбаев Абай, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, аудандық дербес бөлімдер басшылары, ауылдық округтер әкімдері, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, мемлекеттік және жекеменшік кәсіпорындар мен мекемелердің басшылары, кадр саласына жауапты қызметкерлер мен заңгерлер, еңбек қауіпсіздігіне жауапты мамандары, облыстық, аудандық кәсіподақ комитеттерінің және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жалпы 200-ден астам адам қатысты.

Жиынның күн тәртібінде ұжымдық және жеке еңбек шарттарын жасасу, жұмысберушілердің жұмыскерлер алдындағы жалақы қарыздары және оны болдырмау шаралары, өндірістік жазатайым оқиғалардың алдын алу, еңбек қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы және Түркістан облысының әкімдігі арасында қол қойылған өзара ынтымақтастық туралы Меморандумды іске асыру, «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылын» өткізу жөніндегі Жол картасын жүзеге асыру, Кәсіподақ ұйымдарының жұмыстары туралы мәселелер қаралды.

Аталған іс-шараның күн тәртібіндегі мәселелер бойынша «Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Айдарбекұлы Бекжанов өз сөзінде аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің негізгі функциялары мен мақсаттары, кәсіподақ пен жұмыс берушінің арасындағы әлеуметтік серіктестік, Еңбек қауіпсіздігі бойынша атқарылған жұмыстар, бірлестіктің жанында ашылған медиацияны дамыту орталығының, оқу орталығының қызметі жөнінде, «профтур» туризм орталығының, «Келешек» жастар кеңесінің қызметі жөнінде кеңінен мағлұмат берді.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кезектен тыс XXV-съезінде: өндірістерде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, жұмысшыны әлеуметтік қорғау саласын жаңғырту, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы медиация мәселесін жаңа сапалы деңгейге шығару, күшейту, кәсіпорындар мен ұйымдарда жұмыс берушімен ұжымдық шарт бекіту, құқықтары мен мүдделері нормативтік-құқықтық құжатпен қорғалмаған жұмысшыларды кәсіподақ қозғалысына тарту, еңбек жастары үшін білім алуды, біліктілік пен құзыреттілікті максималды түрде қолжетімді ету, еңбек нарығының талаптарына сай кадрларды қайта дайындау және қайта біліктілікті арттыру мәселелері бойынша міндеттер айқындалғаны жөнінде тоқталып өтті.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым еліміздегі еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі бірқатар мәселелерді Үкіметтің қарауына ұсынғандығы, «Әлеуметтік қамтамасыз етудің минимал нормалары туралы», «Дамушы елдерді ерекше ескеру арқылы ең төменгі жалақыны белгілеу туралы», «Ұжымдық келіссөздердің жәрдемдесуі туралы», «Толық емес жұмыс уақыты шарттарында жұмыс істеу туралы», «Ауыл шаруашылығында еңбек қауіпсіздігі және еңбек гигиенасы туралы» конвенцияларды ратификациялау мүмкіндігін қарастыру туралы Үкіметке ұсыныс бергендігі жөнінде хабардар етті.

Сонымен бірге, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Әуесханов Серік Елемесұлы күн тәртібіндегі мәселелер бойынша рет-ретімен баяндап шықты.

Ашық есік күнінің аясында жоспарға сәйкес азаматтарды жеке қабылдау өткізілді. Жеке қабылдауда 3 адам болып, оларға түсініктемер берілді..

Келес ауданы әкімінің аппараты, дербес бөлімдерінің басшылары, ауыл округтерінің әкімдері кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе жұмыстар атқару туралы тиісті шешім қабылдады.