Сарыағаш ауданында Ашық есік күні жалғасын тапты

2019 жылғы 3 сәуірде Түркістан облысының Сарыағаш ауданы әкімдігінде «Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен «Еңбек қатынастары туралы» тақырыпта Ашық есік күні өткізілді.

Семинар-кеңеске Сарыағаш ауданың әкімі Қайрат Аманкелдіұлы Абдуалиев, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, аудандық дербес бөлімдер басшылары, ауылдық округтер әкімдері, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, мемлекеттік және жекеменшік кәсіпорындар мен мекемелердің басшылары, кадр саласына жауапты қызметкерлер мен заңгерлер, еңбек қауіпсіздігіне жауапты мамандары, облыстық, аудандық кәсіподақ комитеттерінің және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Семинар-кеңестің күн тәртібінде ұжымдық және жеке еңбек шарттарын жасасу, жұмысберушілердің жұмыскерлер алдындағы жалақы қарыздары және оны болдырмау шаралары, өндірістік жазатайым оқиғалардың алдын алу, еңбек қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы және Түркістан облысының әкімдігі арасында қол қойылған өзара ынтымақтастық туралы Меморандумды іске асыру, «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылын» өткізу жөніндегі Жол картасын жүзеге асыру, Кәсіподақ ұйымдарының жұмыстары туралы мәселелер қаралды.

Жиында аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Айдарбекұлы Бекжанов Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2018 жылы атқарған жұмыстары туралы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кезектен тыс XXV-съезінде айқындалған міндеттер жөнінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайымның еліміздегі еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі бірқатар мәселелерді Үкіметтің қарауына ұсынғандығы жөнінде хабарлама жасады.

Сонымен бірге, Түркістан облысы және Сарыағаш ауданы бойынша ұжымдық және жеке еңбек шарттарын жасасу туралы, жұмысберушілердің жұмыскерлер алдындағы жалақы қарыздары және оны болдырмау шаралары туралы, өндірістік жазатайым оқиғалардың алдын алу, еңбек қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау туралы, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы және Түркістан облысының әкімдігі арасында қол қойылған өзара ынтымақтастық туралы Меморандумды іске асыру жөнінде, «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылын» өткізу жөніндегі Жол картасын жүзеге асыру туралы, кәсіподақ ұйымдарының жұмыстары туралы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Әуесханов Серік Елемесұлы рет-ретімен баяндады.

Жиында қатысушылардың сұрақтарына жауаптар берілді.

Семинар-кеңестен кейін азаматтарды жеке қабылдау өткізіліп, оған келген 3 азаматтың көтерген мәселелеріне түсініктемелер берілді.

Жиында Сарыағаш ауданының әкімі, аудандық дербес бөлімдерінің басшылары, ауыл округтерінің әкімдері кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе жұмыстар атқару туралы тиімдіі шешімдер қабылдады