“ЖАСТЫҚ ШАҚ КӨК СЕМСЕРДІҢ ЖҮЗІ ЕМЕС ПЕ…” РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАС АҚЫНДАР АЙТЫСЫ

2019 жылғы 8 сәуірде Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірлесе ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласында жоғарыда аталған университетте жас ақындардың “Жастық шақ көк семсердің жүзі емес пе…” атты республикалық жас ақындар айтысы өтті.

«Жастар жылы» аясында Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауына сәйкес ұстаздар қауымының адал еңбегі мен «Ұстаз мәртебесі – ұлт мәртебесі» қағидасын дәріптеу, тарихтан сыр шерту, дарынды жастардың талабын шыңдау, шығармашылығын ынталандыру, айтыс өнерінің аясын кеңейту мақсатында жас ақындардың республикалық айтысы ұйымдастырылды.

Айтыстың мақсаты – жастар арасында ұстаздық мамандығын жаңғыртуға, төл тарихымыз бен тұлғаларымызды тануына, отаншылдық сезімі мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға жол ашу.

Атап өтсек, ұстаздар мен магистранттар және студенттер қауымынан тұратын ақындарымыз: Әлихан ЖАҚСЫЛЫҚ (Ақтөбе қ.), Мәрес БАЙРОН (Павлодар қ.), Бек ШМАТ (Нұр-Сұлтан қ.), Нұрмұхаммед БАЙСҮГІРОВ (Қарағанды қ.), Аян НИЯЗБЕК (Шымкент қ.), Абдрауф ОРАЛ (Нұр-Сұлтан қ.), Айшолпан ТІЛЕУТАЙ (Семей қ.), Жақсылық АПУАЖАНОВ (Алматы қ.), Нартай ТІЛЕУҚҰЛ (Нұр-Сұлтан қ.), Қасым НҰРСҰЛТАН (Қостанай қ.), Ержеңіс ӘБДІ (Қызылорда қ.), Нұрғали ӘНАПИЯ (Шымкент қ.), Тілек МҰРАТ (Өскемен қ.), Мухаммеджан МАНСУРОВ (Қызылорда қ.), Бекжан ЕРЖІГІТ (Қызылорда қ.), Рай ДӨҢБАЙ (Тараз қ.) бақ сынасты.

Ұлттық өнердің қазығы бола білген суырып салма додасының басты міндеті ретінде дарынды жастардың талабын шыңдау, олардың шығармашылығын ынталандыру, ұлттық өнердің аясын кеңейту, жас ақындардың тарихымызды, тұлғаларымызды тануына, ұлтшылдық сезімі мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға жол ашу болды.

Жыр додасына айтыскер ақын Аманжол Әлтаев, Иранғайып Күзембаев, Дәулеткерей Кәпұлы, Қалқаман Сарин, Мейірбек Сұлтанхан және Салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Майра Амантаева қазылық етті. Айтысты республикамызға белгілі айтыскер-ақын Серікзат Дүйсенғазы жүргізді. Ол айтыс қонақтары мен қатысушыларына қошемет білдіре отырып, шараның өткізілуіне сала кәсіподағының үлкен қолдау көрсетіп және жүлде қорына 1,5 млн. теңге тіккенін атап өтті.

Айтыстың ашылу салтанатында салалық кәсіподақ төрайымы Майра Амантаева өз сөзінде қоғамдағы ұстаздар мәртебесінің бүгінгі жағдайына тоқтала келе, әлі де бұл мәселеге қатысты шешілмеген түйіндердің бар екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, салалық кәсіподақ жұмысының негізгі бағыттарының бірі – жастармен жұмыс екендігін ерекше атап өтіп, сөзінің соңында жас ақындарға сәттілік тіледі.

Еуразия ұлттық университетінің проректоры, Дихан Қамзабекұлы да қатысушылар қозғайтын тақырыптарының өзектілігіне, айтыс өнерінің ерекшелігіне тоқталып өтіп, Салалық кәсіподаққа және оның төрайымы Майра Амантаеваға алғысын білдірді.

Айтыста «Ұстаздық еткен жалықпас…»; «Жастар – елдің болашағы»; «Туған жерге туыңды тік»; «Кешегім – тарих, ертеңім – ерен, бүгінім – жарық»; «Тұғыры биік Тұлғалар» тақырыптары қамтылды.

Көрермендер әр жұпты жылы қарсы алып, әрқайсысына қошемет көрсетіп отырды.

«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» демекші, айтысқа қатысқан 16 ақынның аяқ алысын, сөз саптауын, ақындық өнерін тамашаладық. Бүгінгі біздің қазақ жастарының біреуі білім алып, екіншісі білім беріп жатқан ізденімпаздық қырларын, ұлттық өнерді, ұлттық дәстүрді, ата тарихымызды ұлттық сананы сіңіруге жасап жатқан оң қадамдарын көре білдік. Сахнада өнер салған жас ақындар да өздерінің сәулелі сөздерін көрермендердің назарына жеткізе білді.

Мәселен, Абдрауф Оралдың «ағаштың мамандығын оқыса да, алаштың амандығын ойлап өткен», Бекжан Ержігіт «танымы ұрпақтардың терең болмас, ұстаздардың бағасы арзан болса», Нартай Тілеуқұл «мемлекетке көп пайда беріп жүрміз, аз ақша берсе дағы мектебіміз», Айшолпан Тілеутай «он жеті жасқа толған қызың келді, он жеті кереметі шыққан жерден», Жақсылық Апуажанов «Бұқараның алдында бас болып сөйлеп көрейін, болсам да жалын жас бала» және т.б. маржанды тіркестері мен сөздері жүректің түбінен орын алып, көңілімізді баурап алды.

Сонымен қатар жастар жылының ерекшелігін, өзектілігін домбыраны шегіне салып бір-бірінен асып отырды. Ұстаздық мәртебенің тақырыбына өзгеше келіп, педагогтардың күнделікті кездесетін проблемаларын батыра жырлады. Мұғалім кәсібіндегі жалақыны, уақытының тығыздығын және т.б. мәселелерін тыңғылықты көтерсе керек.

Айтыс қорытындысы бойынша, Гран-при елордалық ұстаз, жас ақын Нартай Тілеуқұлдың қанжығасына байланды, жүлде қоры – 500 000 теңге, І орын – ең жас ақын Айшолпан Тілеутай (Семей қаласы) – 300 000 теңге, ІІ орын – Қызылордалық математика пәнінің мұғалімі Ержеңіс Әбді және Жақсылық Апуажанов (Алматы қ.) – әрқайсысына 200 000 теңгеден, ІІІ орын – Павлодар қаласының ұстазы Мәрес Байрон, Қызылорда қаласының студенті Мухаммеджан Мансуров және Абдрауф Орал (Нұр-Сұлтан қ.) – әрқайсысына 100 000 теңгеден.

Қазылар алқасы өз тілектерін ортаға салып, жылы лебіздерін білдірді.