12 сәуірде Жамбыл облысының «Меркі Rаdon» шипажайында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы және Жамбыл облыстық әкімдігі бірлесе ұйымдастырған салалық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының еңбекші жастарының қатысуымен «Жас келсе – іске!» атты өңірлік форумы өтті. Жиынға еліміздің аймақтарындағы «Келешек» жастар кеңесінің белсенділері көшбасшылары да қатысты.
Форумның негізгі мақсаты – еңбекші жастардың ең өзекті проблемаларын талқылау үшін коммуникативті алаң құру, еңбекші жастарды шоғырландыру, тәжірибе алмасу және өз идеяларын іске асыру, кәсіподақ қозғалысының жастар саясатын трансформациялау және дамыту бойынша тұжырымдамалық ұсыныстар әзірлеу.
Форум жұмысына Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Ерлан Сайыров, Ұлттық білім және инновация палатасының төрағасы Мұрат Әбенов қатысты.
ҚРКФ төрағасының орынбасары Е.Сайыров: «Бұл форум жастардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктері мен әлеуметтік жағдайларын жақсартуға, кешенді түрде қолдау көрсетуге бағытталып отыр. Еңбекші жастардың да өзекті проблемалары жетерлік. Бүгінгі форум сол көкейкесті мәселелерді талқылайтын коммуникативті алаң болатынына сенімдімін. Сондықтан, көкейдегі ойларыңыз бен идеяларыңызды еш қысылмастан ортаға салыңыздар. Оның бәрі жинақталып, ескерілетін болады, оның жолдарын шешуге кәсіподақтар тарапынан ықпал жасаймыз»,- деп атап өтті.
«Әлеуметтік әріптестік аясында ұйымдастырылған форум аймақтағы еңбек жастарының толғандырған өзекті мәселелерді талқылап, еңбек құндылықтарының мәртебесін арттыруға, кәсіподақ қозғалысын дамытуға қызмет ететін болады. Жастар мәселесіне ұдайы назар аударып, олардың толыққанды тұлға және заманға сай азамат болып қалыптасуына жан-жақты қолдау көрсету – баршамызға ортақ міндет», – деді өз сөзінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары М. Шүкеев.
Жиында кәсіподақ белсенділері өздерін толғандырған мәселерді қозғап, пікір алысты. Сөз алған Байзақ ауданы ауруханасының хирург – дәрігері Сарманбек Жансерік, Шу қаласы, Жамбыл атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Индира Диханбаева «Жаңа Жамбыл» фосфор зауытының инженері Алмас Амангелдиевтер «ұжымдық шартта көрсетілген кейбір нормалардың сақталмауы, ауылдық жерде кадр мәселесін шешу жолдарын қарастыру, жұмысшы жастардың мәдени болмысын айқындау, қоғамдағы азаматтық белсенді позициясын қалыптастыру» туралы өз ой- ұсыныстарын жеткізді.
Форумның екінші бөлігінде еңбекші жастар үшін ғылыми-қолданбалы сектор өкілдерінің шеберлік сағаттары тартымды және танымды болды. Атап айтқанда, Ұлттық білім және инновация палатасының төрағасы М. Әбенов «Жоғары тиімді адамдардың жеті дағдысы. Қуатты жеке даму құралдары»; МВА СЕО “Academy of labour relations” PhD докторы, ҚАЗГЗУ доценті, Б. Нұрашева – «Кәсіподақ ұйымының төрағасы мен еңбекшілердің еңбек құқықтарын қорғау тиімділігін арттыру»; «Green TАL» әлеуметтік шеберхана басшысы Э.Аскеров – «Нарықта жоғары сұранысқа ие тауарларды шығара отырып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етудегі әлеуметтік кәсіпкерлігі»; филолог, «Қазақстан» АҚ эфирлік саясат дирекциясының шеф-редакторы С. Дүйсенғазы – «Рухани жаңғыру және еңбек жастары» тақырыбында шеберлік сабақтарын өткізді.
Жамбыл облысы еңбекші жастарының «Жас келсе – іске!»
форумына қатысушылардың Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын қолдау туралы
Үндеуі
Біз, Жамбыл облысы еңбекші жастарының «Жас келсе – іске!» форумына қатысушылар еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде болып жатқан әрбір тарихи кезеңдер мен сәттерге осы Ұлы Дала елі – Қазақстанның отансүйгіш азаматтары тұрғысында жіті назар аударып, өзіміздің ой-пікірлерімізді жеткізуді орынды деп санаймыз.
Қазақстан – экономикалық әлеуеті күшті, әлеуметтік бірлігі жарасқан демократиялық мемлекет.
Қазақстан іргесі мықты, өркениетті мемлекеттермен терезесі тең, жаһандық бәсекелестікке қабілетті, қуатты мемлекет болды.
Біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешімін қолдаймыз.
Бұл жауапты, тұғырлы және маңызды шешім. Жалпыхалықтық сайлау арқылы ел Президенті сайлауын өткізу Конституциялық заңдарға сәйкес, әрі қажетті іс деп білеміз.
Біздің елімізде қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық және бейбіт өмір – баға жетпес қастерлі құндылықтарымыз және тарихи сабақтастықпен өркендеу мен дамуымыздың тірегі болып келеді.
Біз, еңбекші жастар Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына бір кісідей қатысатынымызды мәлімдейміз және қазақстандық барлық жастарды осы Үндеуімізді қолдауға шақырамыз!
Үндеу Жамбыл облысы әкімдігі мен Жамбыл облысы
кәсіподақтар бірлестігінің әлеуметтік әріптестігі аясында ұйымдастырылған «Жас келсе – іске!» форумына қатысушылар жиынында қабылданды.