ГЕНДЕРЛІК ТЕПЕ-ТЕҢДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖОЛЫНДА

Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия мен ҚР Кәсіподақтар федерациясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

«Еңбек саласындағы әйелдер: еңбектің гендерлік аспектілері мен жұмыспен қамту» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференция аясында Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия мен ҚР Кәсіподақтар федерациясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Құжатқа Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия Төрағасының орынбасары Елена Тарасенко мен ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым қол қойды.

Меморандум Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық бағдарының сабақтастығын қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатын жүзеге асыруға негізделеді.

Тараптар әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, олардың экономикалық әл-ауқатын арттыру және гендерлік тепе-теңдікті қамтамасыз ету саласындағы міндеттерді бірлесіп шешу туралы келісімге келді.

Меморандум аясында тараптар әйелдердің лайықты жұмыс істеу және әлеуметтік сақтандыру құқықтарын қамтамасыз етуді бірлесіп күшейту жұмыстарына, соның ішінде көп балалы, жалғыз басты, мүгедек балалары бар әйелдерге айрықша назар аудару мәселелерін бірлесіп шешуге бірауыздан қолдау көрсетті.

ҚРКФ Төрағасы Бақытжан Әбдірайым кәсіподақ қозғалысы еңбеккер әйелдердің әл-ауқатын арттыруға баса назар аударатынын атап өтті.

Бүгінде Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы 2 миллионнан астам кәсіподақ мүшесін біріктіреді, олардың 65%-ы – әйелдер. 18 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымдарының 67% -да әйелдер басшылық етеді.

ҚРКФ еңбеккер әйелдердің әлеуметтік кепілдемелерін нығайту мәселесін шешу үшін жүзеге асырылатын жаңа тәсілдер де атап өтілді.

«Үкімет, республикалық жұмысшылар бірлестіктері мен республикалық жұмыс берушілер бірлестіктері арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған Бас келісімде тараптарға еңбеккер әйелдердің құқықтарын, сондай-ақ қосымша жеңілдіктер мен өтемақыларды қамтамасыз ету міндеттелетіндігі маңызды қадам болды», — деп атап өтті ҚРКФ басшысы.

Сонымен қатар, салалық, өңірлік келісімдерге, ұжымдық шарттарға еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, денсаулыққа қатысты арнайы бөлімдерді енгізу тәжірибесі қолға алынуда.

Өз сөзінде Елена Тарасенко еңбектің гендерлік аспектілері мен жұмыспен қамту мәселелерін талқылаудың маңыздылығын айтып өтті.

«Конференция көптеген мәселелерді өзектендіреді, сонымен бірге, Мемлекет басшысы көрсеткен бағдарда жұмыс істеуге міндеттейді. Негізгі басымдықтар қатарында отбасы институтына мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі ретінде кешенді қолдау көрсету мәселесі бар. Және де әйелдерді жұмыспен қамту, еңбек саласында әйелдердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері айрықша мәнге ие.

Қазақстанда әйелдер мүддесіне, гендерлік тепе-теңдік пен отбасына қолдау көрсету бағдары нығая түсуде»,- деп атап өтті Елена Тарасенко.

Форум аясында ҚР Парламенті депутаттары, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық өкілдері, еліміздің кәсіподақтары, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сонымен қатар белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері еңбек құқықтарын қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау мәселелері жөнінде өз ойларымен бөлісті.

Қатысушылар арасында еңбеккер әйелдерге лайықты да қауіпсіз еңбек шарттарын қамтамасыз ету және еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде рөлін арттыру аясында пікір алмасулар мен ұсыныстар болды.