Еңбекті қорғау айлығы қорытындыланды

26 сәуірде Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі ұйымдастыруымен «Еңбекті қорғау және еңбек саласының болашағы»​ ​ атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел жұмысына әлеуметтік әріптестік тараптары, бірқатар облыстық басқарма басшылары, Қызылорда облысы Кәсіпкерлер Палатасы өкілі, облыстағы ірі кәсіпорын басшылары, салалық кәсіподақ ұйымдары төрағалары, техникалық инспекторлар, БАҚ өкілдері қатысты.

Халықаралық еңбек ұйымының бастамасымен 2003 жылдан бастап 28 сәуір күні Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні болып аталып өтіледі. Биылғы жылы Халықаралық еңбек ұйымының 100 жылдығы аясында Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні «Еңбекті қорғау және еңбек саласының болашағы» ұранымен өтілуде.

Қызылорда облысы кәсіподақтарымен сәуір айы Еңбекті қорғау айлығы болып жарияланып, салалар бойынша бастауыш ұйымдарда, мүшелік ұйымдарда түрлі шаралар ұйымдастырылды.

Айлық корытындысымен дөңгелек үстел басында сала бойынша қордаланған түйткілді мәселелер, оларды шешу тетіктері, мүмкіндіктері, әлеуметтік әріптестермен еңбек қауіпсіздігі мәселесінде жауапкершілікті арттыру шаралары талқыланды. ​ Адам өмірі мен денсаулығының басымдылығына назар аударту мақсатындағы атаулы күнде Қызылордалықтар өндірісте қаза тапқандарды еске алу Үнсіздігін жариялап, бұл қасіреттің мәніне тағы бір ерекше дабыл қақты. Еске салатын болсақ, ​ өткен жыл мәліметтерімен бір жарым мыңнан астам қазақстандық жұмыскерлер еңбек жағдайында түрлі жарақаттар алған, жазатайым жағдайларда 216 адам қайтыс болған, ал облыс көлемінде бұл көрсеткіш өткен жылы 11 адамды құраса, 2019 жыл басынан еңбек жағдайында 2 адам қаза болған.

Жиынның алғы сөзінде аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Серік Сермағамбетов мемлекеттің басты құндылығы адам өмірінің сақталуы үшін қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету негізгі міндет екендігін айта келе, жұмыс орынында еңбекті қорғау мәдениетінің болмауы – өндіріске кері әсер ететін басты фактор екендігін жұмыс берушілер де, қызметкерлер де ұғынуы қажетдеп атап өтті.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы С.Сермағамбетов ​ кәсіподақтар бастамасымен 2018 жылы қабылданған әлеуметтік әріптестердің «Қауіпсіз еңбек» аймақтық бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар туралы ақпаратпен бөлісумен қатар, өз сөзінде негізгі басымдылықты түйткілді мәселелерге берді.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов ақпаратында өндірістік кеңесті құрудағы кәсіподақтар бастамашылығының қажеттігі, техникалық инспекторлар мәртебесін көтеруде сала кәсіподақтары ұсыныстары, бюджеттік мекемелерде кіші қызметкерлердің ​ арнайы киімдер мен қорғаныш құралдарымен қамтылуы мәселесіндегі кемшін тұстар, шешімін таппаған қызметкерлердің өз қаражаттары есебінен медициналық тексеруден өтуі түйткілі, жұмыс берушінің қызметін декларациялаудың заңнама қайшылықтарымен іске асырылмай тұрған сипаты, сенім сертификатының жұмыс берушілер үшін маңыздылығы мен құзыреттілігін арттыру мәселесі, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі комиссия құрамына кәсіподақтардың кіруі мәселесі бойынша нақты ұсыныстар дөңгелек үстел алаңына ашық тақырып күйінде ұсынылды.

Облыс көлеміндегі кәсіпорындарда, ұйымдарда​ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Е.Жалғасбаевтың ақпараты, өндірістік жарақаттар мен кәсіби аурулар туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысының міндетін атқарушысы О.Искаковтың ақпараты, еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жөнінде Қызылорда облысының «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының директоры Г.Денееваның ақпараты, мұнай саласындағы еңбекті қорғау шаралары туралы ҚазГерМұнай БК ЖШС инженер технигі А. Әшім ақпараты тыңдалды. Сонымен қатар, пікір алмасуда Қызылорда облысы Кәсіпкерлер Палатасы, облыстық төтенше жағдайлар департаменті, өндірістік қауіпсіздік департаменті өкілдері көтерілген мәселелер бойынша пікір білдіріп, кәсіподақ төрағалары мен техникалық инспекторлар еңбекті қорғаудағы қоғамдық бақылаудың тәжірибелік жағдайларымен бөлісті. ​ ​ Дөңгелек үстел барысында аумақтық кәсіподақтар бірлестігі әзірлеуімен әлеуметтік әріптестерге ұсынылған «Қауіпсіз еңбек» ақпараттық науқан өткізу жөніндегі​ жол картасына қол қойылды. Сонымен қатар, қатысушыларға облыстағы арнайы киімдер ұсынатын кәсіпорындар қолдауымен ұйымдастырылған көрме таныстырылып, ​ , жұмыс орынында жазатайым жағдайлардың орын алмай, еңбек жағдайларының қалыпты ахуалда сақталуына қоғамдық бақылау жасауда елеулі үлес қосып жүрген бірқатар кәсіподақ белсенділері аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің марапаттарымен марапатталды.