Сайлауалды кампания мәселелері бойынша бейне-конференция режимінде отырыс өтті

Бүгін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесінің шешімімен ҚР Президенттігіне үміткер ретінде ұсынылған Амангелді Таспиховтың елордадағы бас штабында аймақтық сайлауалды штабтары жетекшілерімен бейне-конференция режимінде отырыс өтті.

Оған Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, сайлауалды штабтың жетекшісі Бақытжан Әбдірайым, салалық кәсіподақтардың төрағалары, сайлауалды штабтың өкілдері қатысты.

Отырыста еліміздің барлық өңірлерінде құрылған сайлауалды штабтардың іс-қимыл жоспарлары, дайындық барысы туралы айтылды. Штаб жетекшісі Б. Әбдірайым сайлауалды жұмыстардың бағыты мен ұстанымдарын атап өтті.

Айта кетерлігі, 26 сәуірде мемлекеттік тілден емтихан тапсырған ҚР Президенттігіне үміткер Амангелді Таспиховке лингвистикалық комиссия мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі туралы ашық дауыспен шешім қабылдады.

Сондай-ақ 27 сәуір күні Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне кандидат Амангелді Таспиховтың Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында оған қойылған талаптарға сәйкес екені жөнінде қаулы жариялады.