1 Мамыр – бірліктің ерекше мерекесі

«Павлодар облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі барша ел тұрғындары мен қонақтарын БІРЛІК, КЕЛІСІМ және КӨКТЕМ мерекесімен шын жүректен құттықтайды!

Кәсіподақ орталығының ұжымы 1 – мамыр күні қаламыздың Конституция алаңында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған көркем де қызықты үлкен мерекелік мәдени шараға қатысты.

Орталық сахнада көрермендер үшін этномәдени бірлестіктері мен қала жастарының қатысуымен «Бір ел, бір болашақ, бір мүдде!» атты театрландырылған көрсетілім ұсынылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының шығармашылық ұжымы және павлодарлық эстрада артистері әдемі де әсем әндері мен мың бұралған билерімен көрермендерді қуантты.

Конституция алаңында балаларға арнайы ғажайып пен сиқырға толы «Балдырғандар әлемі» мерекелік сахнасы, «Өнерлі жастар музыкалық-би алаңы», «СпортЛайф» күш сынасқан спорттық аймағы жұмыс жасады.
Сондай-ақ этномәдени бірлестігінің қолданбалы өнер көрмесі мен балалар шығармашылық сурет көрмесі және мерекелік сауда-саттық жәрмеңкесі ұйымдастырылды.