«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана»

Қазақ әдебиетін насихаттау, тарихи-мәдени және рухани мұрамызды сақтау, жастарды отаншылдыққа, өнегелілікке тәрбиелеу, сондай-ақ, оқырмандарды әдеби-көркем кітаптарды оқуға, кітапханаға тартуға бағытталған біздің елде республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы биыл он екінші рет ұйымдастырылуда.

Сол акция аясында 2007 жылы қазақстандықтар Абайдың «Қара сөздерін» оқып бастаса, одан әрі Мұхтар Әуезовтің, Мағжан Жұмабаевтың, Жұбан Молдағалиевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Оралхан Бөкеевтің, Ф.Оңғарсынованың, С.Мұратбековтың, І.Есенберлиннің шығармаларымен, адуынды ақын Дулат Бабатайұлының, С.Торайғыровтың шығармаларын оқыса, 2018 жылы ғұлама ойшыл, ақын, аудармашы Ш.Құдайбердіұлының шығармалары, Кеңес Одағының Батыры, жазушы Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі және жазушы Н.Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологы жалғасын тапты. Биыл ақын, драматург, сыншы Ә.Тәжібаевтың «Лирикалық өлеңдері» мен Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы таңдалды.

Жуырда акция аясында жалпыұлттық оқылымға таңдалған шығармалары бойынша С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Коворкинг» орталығында «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» әдеби-танымдық кеші ұйымдастырылды.

Шарада «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Мұрабек Қарабалиев, Айгерім Утешова, Шынболат Исағалиев Ә.Тәжібаевтың «Жүрек», «Достар күлкісі», «Үміт» және т.б. өлеңдерін оқыса, қаламгердің өршіл рухты шығармаларын оқыған «Стимул+», «Руханият» клубының мүшелері Арсен Сарсенов, Бақытжан Бекбагамбетов, Мадина Мадешова өз пікірлерін ортаға салды.

Сонымен қатар, кітапхана оқырманы Исатай Ізбасар Ә.Тәжібаевтың сөзіне жазылған «Сырдария», «Туған жер» әндерін орындап берді. Көрермендерге фото-шежіре слайдтар, «Толағай», «Жамбыл» тректер, «Келбет» бағдарламасынан Ә.Кекілбаев туралы бейнематериал, «Кек» фильмінен үзінді көрсетіліп, кітапхана қызметкерлері Гүлназия Омарханова, Ақмарал Мұкашева сыршыл лирик ақын Ә.Тәжібаевтың, заманының заңғар қаламгері Ә.Кекілбаевтың керемет туындыларын оқуға шақырып, арнайы ұйымдастырылған кітап көрмеге библиографиялық шолу жасады. Кеш тақырыптық «Сұрақ-жауап» викторина ойынымен аяқталды.