ОСК ҚР Кәсіподақтар федерациясы ұсынған Амангелді Сатыбалдыұлы Таспиховты ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеді

2019 жылғы 4 мамырда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, оған бірқатар саяси партиялар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Отырыста 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Амангелді Сатыбалдыұлы Таспиховты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулының жобасы қаралды.

Аталған қаулы жобасын туралы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сабила Сапарқызы Мустафина баяндама жасады.

2019 жылғы 25 сәуірде «Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі Орталық сайлау комиссиясына Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Амангелді Сатыбалдыұлы Таспиховтың құжаттарын ұсынды:

– «Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігін Әділет министрлігінде тіркеу туралы құжаттың көшірмесі қоса тіркелген, осы қоғамдық бірлестіктің жоғарғы органы отырысының Амангелді Сатыбалдыұлы Таспиховты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ұсыну туралы хаттамасынан үзінді;

– Амангелді Сатыбалдыұлы Таспиховтың Президенттікке кандидат болып дауысқа түсуге келісім беру жөніндегі өтініші;

– өмірбаяндық деректер;

– сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжат.

Осы құжаттардың, сондай-ақ кандидат мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау негізінде Орталық сайлау комиссиясының 2019 жылғы 27 сәуірдегі № 19/251 қаулысымен Президенттікке кандидат Амангелді Сатыбалдыұлы Таспиховтың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігі анықталды және азаматтардың қолдарын жинау үшін қол қою парақтары берілді.

Орталық сайлау комиссиясына кандидатты тіркеу үшін мынадай құжаттар:

– Президенттікке кандидат Амангелді Сатыбалдыұлы Таспиховтың кірістері мен мүлкi туралы декларация тапсырғаны туралы мемлекеттік кірістер органының анықтамасы;

– Президенттікке кандидат Амангелді Сатыбалдыұлы Таспиховта оны тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытынды;

– облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Қазақстан Республикасы астанасының аумақтық сайлау комиссияларының Президенттікке кандидат Амангелді Сатыбалдыұлы Таспиховты қолдап жиналған азаматтардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамалары ұсынылды.

Осы хаттамаларға сәйкес Президенттікке кандидат Амангелді Сатыбалдыұлы Таспиховты қолдап Қазақстанның барлық 15 өңірінен (Алматы және Шымкент қ. басқа) 122 770 азаматтың қолы жиналды, олардың 119 577-і рас деп танылды.

Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясының 2019 жылғы 15 сәуірдегі № 13/237 қаулысымен белгіленген Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдайтын рас қолдардың қажетті саны кемінде 118 140 қолды құрайды.

Амангелді Сатыбалдыұлы Таспиховты Президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қажетті барлық құжаттар Орталық сайлау комиссиясына ұсынылды және оларға қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Амангелді Сатыбалдыұлы Таспиховты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы» қаулы қабылданды.

Қаулымен төмендегілер белгіленді:

– 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Амангелді Сатыбалдыұлы Таспихов Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркелсін;

– Президенттікке кандидат Амангелді Сатыбалдыұлы Таспиховқа тиісті куәлік берілсін;

– Президенттікке кандидат Амангелді Сатыбалдыұлы Таспиховтың тіркелгені туралы мәліметтер арнаулы уақытша шот ашу үшін “Қазақстан Халықтық Жинақ Банкі” акционерлік қоғамына берілсін;

– бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Амангелді Сатыбалдыұлы Таспиховтың тіркелгені туралы хабар жариялансын.