ШЫҒАРМАШЫЛ ПЕДАГОГТЕР БАС ҚОСТЫ

Ағымдағы жылдың 4 мамыр күні «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» ҚБ аймақтың білім беру мекемелерінде шығармашылықпен шұғылданатын жас педагогтердің әдеби кездесуін өткізді. Басқосқан жиынды қысқаша сөз сөйлеп ашқан қоғамдық бірлестіктің төрағасы Қ.Сүндетұлы «Жастар ұстаздарын жырлайды» атты облыстық байқаудың Ережесімен таныстырды. Байқаудың негізгі мақсаты – шәкірт тәрбиелеу жолында елеулі еңбек етіп жүрген педагогтер есімін облыс жұртшылығына паш ету, олардың шығармашылығын халық арасына насихаттау, сондай-ақ, жастардың әдебиетке деген құлшынысын, бейімделігін арттыру еді.

Жас әдебиетшілер байқаудың шарттарына өз ұсыныс-тілектерін білдіре отырып, болашақта жүзеге асырылар жұмыстарды да атап көрсетті. Бұл жөнінде ғалым-ұстаз Б.Айдашев, Мақат ауданының Л.Шахатов атындағы орта мектептің мұғалімі А.Мұратова, Атырау қалалық № 34 көпсалалы мектеп-гиназиясының мұғалімі А.Қ. Кемалиева, Исатай аудандық білім бөлімінің әдіскері Н.Мұрат және қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары Ж.Ү. Сарсенғалиева сөз сөйлеп, ой өрбітті.

Кездесу соңында бір топ ұстаздар өз шығармаларынан өлеңдер оқып, ғалым-ұстаз, журналист Қ.Сүндетұлының «Қалам қуаты» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді.