Денсаулық – өмір кілті

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала аудандық кітапхана жанындағы Коворкинг орталығында “Мәдени тынығу” клуб мүшелерімен «Денсаулық сағаты» оздырылды.

Кез-келген биік шыңдарға, алға қойған мақсаттарға, экономикалық-әлеуметтік биіктерге көтерілу үшін, рухани байлықтың, денсаулықтың қажеттілігі айтпаса да мәлім. Денсаулық қоғам байлығы, сондықтан қоғамдағы әрбір азаматты хал-ахуалын жетік біліп, дені сау, сымбатты, шыныққан салауатты өмір салтын ұстануға шақыру мақсатында өткен шараға аудандық ауруханадан дәрігер онколог Дәурен Талапқалиұлы, психолог мамандар Анаргүл Исламқызы, Зердегүл Алпысқызы «Дәрігер дәптері» айдарында сөз алып, қатысушыларға: «Әрбір адам әдетте денсаулықтың қадірін ауырғанда білетіні өкінішті, сондықтан дәрігерлік тексеруден жиі өтіп, салауатты өмір салтын ұстанып, жас ұрпақтың бойына тазалық пен сергектікті орнықтыру баршамыздың міндетіміз»,- дей келе «Денсаулығыңызды күтіңіз», «Дене шынықтыру жүктелімі не үшін қажет», «Салауатты өмір салтын үстан!» тақырыбымен парақшалар таратты. Шараға қатысушы зейнеткер дәрігер Светлана Міржаққызы, Сара Меңдіханқызы, Жұлдыз Лұқбанқызы, мүмкіндігі шектеулі оқырмандарымыз Сұлтанова Зәуре, Габбасова Гүлжан, кітапхана оқырманы Алтынай Елеубайқызы денсаулық мықты болу үшін дәрігерге көрінумен қатар дене еңбегі, тамақ ішуді азайту, шынығу, уақытты дұрыс пайдалану сынды кеңестерін түрлі дәлелдермен жеткізді.

Сонымен бірге оқырмандар тарапынан мамандар қатынасқан осындай басқосулар жиі болса деген ұсыныстарын жеткізді. Арнайы дайындалған “Денім сау болсын десеңіз” тақырыбында кітап көрме жасақталып, шолу жасалды.