Кәсіподақ ардагері Сиязбек Мұқашевпен келелі кездесу өтті

Бүгін ҚР Кәсіподақтар федерациясының ғимаратында ҚРКФ Атқару комитетінің отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан Кәсіподақтар федерациясына 1992-2013  жылдары басшылық еткен бұрынғы төраға Сиязбек Мұқашев, сондай-ақ салалық кәсіподақ төрағалары мен төрайымдары қатысты.

Шара барысында Федерация Төрағасы Бақытжан Әбдірайым Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы кеңесінің бұрынғы төрағасы Сиязбек Мұқашевтың еліміздегі кәсіподақ қозғалысының дамуы жолында сіңірген ерен еңбегін атап өтіп, алдағы мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, Сиязбек Өнербекұлына «Кәсіподақ ардагері» медалі мен «Кәсіподақтар: теория мен тәжірибе» ғылыми монографияны табыстады.

Сондай-ақ, Сиязбек Мұқашевқа Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспиховтың сенім білдірген өкілі куәлігін тапсырып, алдағы сайлау науқанында қолдау көрсететініне сенім білдірді.

Кездесу барысында Сиязбек Өнербекұлы Қазақстан кәсіподақ қозғалысының қалыптасуы аясында естеліктерімен бөлісіп, қазіргі таңда кәсіподақтардың атқарып жатқан жұмысын жоғары бағалады.